Арманға қанат қаққан жас маман: 223 түлек колледжбен қоштасты


Saginov Technical University жанындағы Инновациялық технологиялар колледжінде 2026 жылғы түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті.

Биыл колледжді 223 студент тәмамдап, техникалық және кәсіптік білім туралы диплом алды.

Бұл күн жастар үшін бірнеше жылдық еңбектің, ізденістің және кәсіби қалыптасудың қорытындысы болды. Енді олар студенттік өмірмен қоштасып, өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды.

Салтанатты кешке университет басшылығы, колледж оқытушылары, әлеуметтік серіктестер, ата-аналар және студенттер қатысты. Үздік диплом иелеріне дипломдарды университет Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков пен колледж директоры Нұрбибі Смағұлова табыстады. Ал өзге түлектерге дипломдарды университет Басқарма мүшесі – цифрландыру жөніндегі проректор Азамат Амиров, университет өкілдері және колледждің әлеуметтік серіктестері салтанатты түрде тапсырды.

Биылғы түлектер теміржол көлігіндегі тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, автоматтандырылған өндірістік жүйелерді жөндеу, құрылыс, машина жасау технологиясы, бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық қауіпсіздік және тау-кен ісі бағыттары бойынша білім алды.

Рәсім барысында оқу үлгерімімен, қоғамдық белсенділігімен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленген жастарға үздік дипломдар табысталды. Сонымен қатар WorldSkills чемпионаттарында колледж намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған студенттер де марапатталды.

Жас мамандардың кәсіби қалыптасуына колледж ұжымымен қатар әлеуметтік серіктестер де үлес қосып келеді. Инновациялық технологиялар колледжі өндіріс, көлік, энергетика, машина жасау, IT және тау-кен-металлургия салаларындағы жүзден астам кәсіпорынмен әріптестік орнатқан. Бұл студенттердің өндірістік практикадан өтуіне, нақты жұмыс үдерістерімен танысуына және мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Кеште ата-аналарға, ұстаздарға және колледж серіктестеріне алғыс айтылды. 223 жас маман үшін бұл күн жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктерге бастайтын маңызды белеске айналды.

Без рубрики