Saginov Technical University ғалымдары 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсында маңызды жетістікке жетті. Университеттің бірден екі жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды.
Бұл — университет ғылымы үшін ерекше оқиға. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағытындағы соңғы грант университетке он жылдан астам уақыт бұрын берілген еді. Бүгінгі нәтиже зерттеулердің жаңа кезеңге көтерілгенін, ғылыми идеялардың нақты өндірістік шешімдерге айналып келе жатқанын көрсетеді.
Жеңіске жеткен жобалардың қатарында профессор Аристотель Исағұлов бастаған ғылыми ұжымның металлургия саласындағы көпжылдық еңбегі бар. Бұл жетістік іргелі зерттеуден қолданбалы ізденіске, одан технологияны өндіріске енгізуге дейінгі жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Университеттің ғылыми ұжымына — Берік Саркеновке, Арман Атауовқа, Виталий Куликовке, Светлана Квонға, Ардақ Достаеваға, сондай-ақ конкурстық өтінімдерді дайындауға атсалысқан Коммерцияландыру офисінің мамандарына алғыс білдіреміз.
Бұл жеңіс — ғалымдарымыздың кәсіби еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, университетте өндіріс сұранысына жауап беретін, енгізуге және коммерциялық тұрғыдан пайдалануға әлеуеті жоғары технологиялар әзірленіп жатқанын айғақтайды.
Ғалымдарымызды лайықты жеңісімен құттықтаймыз! Жобалардың сәтті жүзеге асуына, индустриялық серіктестермен нәтижелі жұмыс істеуіне және әзірлемелердің отандық өндіріске енгізілуіне тілектеспіз.
