29 маусым күні Қытайдың Циндао қаласында өткен «Білім әлемді біріктіреді, таланттар болашақты қалыптастырады» халықаралық форумы аясында Saginov Technical University мен Хэйлунцзян ауылшаруашылық инженериясы кәсіптік-техникалық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім университет студенттері мен оқытушыларына жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы уақытта екі тарап академиялық алмасу, қолданбалы зерттеулер, бірлескен оқу-тәжірибелік жобалар және инженерлік кадр даярлаудағы заманауи тәжірибелермен бөлісу бағытында жұмыс жүргізеді.
Сондай-ақ университет базасында «Кайу шеберханасы» форматындағы бірлескен оқу-тәжірибелік шеберхананы ашу мүмкіндігі қарастырылады. Мұндай алаң студенттердің инженерлік жобалармен жұмыс істеуіне, заманауи технологияларды меңгеруіне және тәжірибелік дағдыларын дамытуына жол ашады.
Сапар аясында Қытайдың бірқатар жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездесулер өткізу және БаньМо шеберханалары жобасы бойынша өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылау жоспарланған.
Бұл ынтымақтастық студенттерге жаңа білім алып, шетелдік тәжірибемен танысуға, бірлескен жобаларға қатысуға және болашақ мамандығына қажет дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.


