Өңір келбетін қалыптастыратын жаңа толқын


Бүгінгі сәулет – тек ғимарат сызбасы емес, қаланың болмысы. Ал құрылыс – тек нысан тұрғызу емес, елдің инфрақұрылымдық дамуына негіз қалау. Осы үлкен жауапкершілікті арқалайтын 281 жас маман Saginov Technical University-де жоғары білім туралы диплом алды.

Сәулет-құрылыс факультетінің биылғы түлектері қатарында 260 бакалавр және 21 магистрант бар. Олар алдағы уақытта сәулет, дизайн, құрылыс, көлік құрылысы, инженерлік жүйелер және құрылыс материалдарын өндіру салаларында кәсіби қызметін бастайды.

Факультет қабырғасында болашақ мамандар тек жобалау мен технологиялық үдерістерді меңгеріп қана қоймай, өндірістегі нақты міндеттерді шешуге бейімделеді. Бұл бағыттағы тәжірибелік жұмыстың маңызды бөлігі факультеттің ғылыми-өндірістік базасы – «Қазақстандық көпбейінді қайта құру және даму институтымен» байланысты. Институт ғимараттар мен инженерлік желілердің техникалық жағдайын бағалау, қайта жаңғырту, күшейту және жөндеу-қалпына келтіру жобаларын әзірлеумен айналысады.

Салтанатты жиында магистратура бағдарламаларын сәтті аяқтаған түлектер мен оқуын үздік тәмамдаған жастарға дипломдарды Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапьянов табыстады. Ол жас мамандарды маңызды белеспен құттықтап, олардың кәсіби білімі ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

Ал бакалавриат бағдарламалары бойынша білімін аяқтаған түлектерге дипломдарын Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Данияр Тоқанов тапсырды.

Сондай-ақ факультеттің 34 түлегіне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес «запастағы лейтенант» әскери атағы берілді.

Бүгін диплом алған түлектердің арасында ертең жаңа тұрғын үй кешендерінің сәулетшілері, жолдар мен инженерлік жүйелердің жобалаушылары, құрылыс өндірісінің технологтары, қалалық кеңістікті жаңаша қалыптастыратын дизайнерлер бар.

Құрметті түлектер, алған білімдеріңіз кәсіби жолдарыңызда сенімді тірек болып, қоғам игілігіне қызмет ететін бастамаларыңызға жол ашсын. Ақ жол, жас мамандар!

Без рубрики