Ел инфрақұрылымына қызмет ететін 234 маман диплом алды


Saginov Technical University-де Көлік, логистика және инженерлік экономика факультетінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл факультетті 211 бакалавр мен 23 магистрант тәмамдап, жалпы 234 жас маман жоғары білім туралы диплом алды.

Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, заманауи логистикалық жүйелерді дамыту, өндіріс орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және экономикалық шешімдерді сауатты басқару – бүгінгі мамандарға қойылатын басты талаптардың бірі. Осы бағытта маман даярлайтын Көлік, логистика және инженерлік экономика факультеті көлік саласы мен өнеркәсіпке қажетті білікті кадрлар қалыптастырып келеді.

Факультет құрамындағы «Кәсіпорын экономикасы және менеджменті», «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» және «Өнеркәсіптік көлік» кафедраларында барлығы 14 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бакалавриат деңгейінде студенттер 6В04101 «Өнеркәсіп экономикасы», 6В04102 «Өнеркәсіптегі есеп және аудит», 6В04103 «Бағалау (салалар бойынша)», 6В04104 «Өнеркәсіп салаларындағы маркетинг», 6В11301 «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану», 6В11302 «Логистика (көлік)», 6В07113 «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», 6В07114 «Тау-кен өндіру саласындағы өнеркәсіптік көлік» және 6В07305 «Көлік құрылысы және автомобиль жолдарын пайдалану» бағдарламалары бойынша білім алады.

Салтанатты жиында түлектерді Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков құттықтады. Ол магистратура бағдарламаларын аяқтаған жас мамандарға, сондай-ақ оқуын үздік тәмамдаған түлектерге диплом табыстап, университеттің ғылыми-зерттеу, қоғамдық және спорттық өміріне белсенді араласқан студенттерді Ректор атынан марапаттады.

Бакалавриат бағдарламаларын аяқтаған басқа түлектерге дипломдарын Көлік, логистика және инженерлік экономика факультетінің деканы Эльвира Қызылбаева табыстады. Салтанатты рәсім жас мамандардың университеттегі жылдар бойы алған білімі мен тәжірибесін қорытындылап, олардың жаңа кәсіби кезеңге қадам басқан сәтіне айналды.

Сонымен қатар факультеттің 21 түлегі әскери кафедрада запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өтіп, белгіленген емтихандарын сәтті тапсырды. Оларға «запастағы лейтенант» әскери атағы берілді.

Енді жас мамандар көлік және логистика компанияларында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда, теміржол және автокөлік ұйымдарында, мемлекеттік мекемелер мен бизнес құрылымдарында еңбек етіп, елдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына өз үлестерін қосады.

Құрметті түлектер, дипломдарыңыз құтты болсын! Алған білімдеріңіз кәсіби жолдарыңыздың берік негізіне айналып, еңбектеріңіз ел игілігіне қызмет етсін. Ақ жол, жас мамандар!

[/su_custom_gallery]
Без рубрики