Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде мектеп оқушыларына арналған «Summer Science School» жазғы ғылыми мектебі ұйымдастырылды. Жоба жас ұрпақтың ғылымға, инженерияға және заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға, зерттеушілік қабілеттерін дамытуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағытталды.
Жазғы ғылыми мектеп оқушылар үшін университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға, теориялық білімнің тәжірибеде қалай қолданылатынын көруге және техникалық мамандықтардың ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік беретін білім беру алаңына айналды.
Бағдарлама аясында қатысушылар университеттің ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, «Металлургия және жаңа материалдар», «Өндірістік процестерді автоматтандыру», «Химия және химиялық технологиялар», «Ақпараттық-есептеу жүйелері» кафедраларына барып, зертханалардың жұмысымен, оқу үдерісінде қолданылатын заманауи жабдықтармен және ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарымен танысты.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамы оқушыларға ғылым мен техниканың өзекті бағыттары бойынша танымдық сабақтар өткізіп, инженерлік мамандықтардың ерекшеліктері, жаңа технологиялардың даму үрдістері және ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызы туралы түсіндірді.
Жазғы мектеп бағдарламасы аясында оқушылар бағдарламалау, робототехника, инженерлік графика, химия, нанотехнологиялар, геодезия және кәсіпкерлік бағыттары бойынша бастапқы практикалық білім алып, әртүрлі ғылыми-техникалық салалардың өзара байланысын түсінуге мүмкіндік алды.
Сабақтар барысында қатысушылар заманауи технологиялардың өндірісте және күнделікті өмірде қолданылу ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар инженерлік міндеттерді шешуде логикалық ойлаудың, шығармашылық ізденістің, ғылыми білім мен практикалық дағдылардың маңыздылығына назар аударылды.
Жобаның басты мақсаты — мектеп оқушыларының ғылыми-техникалық шығармашылығын қолдау, инженерлік ойлау қабілетін қалыптастыру, зерттеушілік дағдыларын дамыту және жаратылыстану-техникалық бағыттағы мамандықтарға қызығушылығын арттыру.
Іс-шараға Академик Е.А. Бөкетов атындағы жалпы білім беретін мектептің және Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты.
«Summer Science School» жобасы мектеп пен университет арасындағы білім беру байланысын нығайтуға, оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға және олардың техникалық білім беру саласына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Жазғы ғылыми мектеп қатысушыларға ғылымды тек оқулық арқылы емес, заманауи зертханалар, тәжірибелік сабақтар және университет оқытушыларымен тікелей танысу арқылы тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
[/su_custom_gallery][/su_custom_gallery]
