Saginov Technical University инженерлік білім беру сапасын халықаралық деңгейде растады


Saginov Technical University инженерлік-техникалық бағыттағы бірқатар білім беру бағдарламалары бойынша халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті.

Аккредиттеу туралы шешімді 2026 жылғы 12 маусымда Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу жөніндегі тәуелсіз агенттіктің (IAAR) Аккредиттеу кеңесі қабылдады. Шешім университеттің білім беру қызметіне жүргізілген сыртқы сараптамалық бағалау қорытындылары негізінде шығарылды.

Нәтижесінде бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріндегі 8 білім беру бағдарламасы 5 жыл мерзімге халықаралық аккредиттеуден өтті:

  • 6В07108 «Жылуэнергетика»;
  • 7М07106 «Жылуэнергетика»;
  • 8D07103 «Электроэнергетика»;
  • 6В06201 «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар»;
  • 6В07101 «Автоматтандыру және басқару»;
  • 7М07101 «Автоматтандыру және басқару (1,5 жыл)»;
  • 7М07101 «Автоматтандыру және басқару»;
  • 7М07105 «Аспап жасау».

Бағалау барысында сарапшылар білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін, материалдық-техникалық инфрақұрылымды, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, білім сапасын қамтамасыз ету тетіктерін және жұмыс берушілермен серіктестік байланыстарды жан-жақты қарастырды.

IAAR сарапшылары университетте білім сапасын тұрақты жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, заманауи білім беру ортасының қалыптасқанын және мамандар даярлауда еңбек нарығының сұранысы ескерілетінін атап өтті.

Халықаралық мамандандырылған аккредиттеу инженерлік кадрларды даярлау сапасының жоғары екенін және білім беру бағдарламаларының халықаралық талаптарға сай келетінін көрсетеді. Бұл нәтиже университеттің техникалық білім беру саласындағы орны мен беделін нығайта түседі.

Осы маңызды жетістікке үлес қосқан университет басшылығын, кафедра меңгерушілерін, профессорлық-оқытушылық құрамды, білім алушыларды және барлық қызметкерлерді құттықтаймыз!

Бұл — ортақ еңбектің, кәсіби жауапкершіліктің және білім сапасын үздіксіз арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

[/su_custom_gallery]
Без рубрики