Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қарағанды облысының колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Электроника» құзыреттілігі бойынша өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті.
Чемпионатқа қатысқан 60-қа жуық болашақ инженер күрделі сынақтан өтіп, теориялық білімдерімен қатар тәжірибелік дағдыларын, техникалық сауаттылығын және инженерлік ойлау қабілетін көрсетті.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 17 қатысушы ғана екінші кезеңге жолдама алып, олардың арасынан 6 үздік қатысушы жүлделі орындарға ие болды.
Аталған чемпионат — жай ғана сайыс емес, бұл жас мамандардың әлеуетін ашуға, кәсіби құзыреттерін дамытуға және жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған маңызды алаң. Үздік қатысушылар алдағы уақытта WorldSkills Kazakhstan – 2026 республикалық чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайды.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларды құттықтап, алдағы кәсіби жолдарында жаңа жетістіктер тілейміз!



