Астанада өткен «Цзянсу – Орталық Азия: инновациялық даму және стратегиялық әріптестік» халықаралық форумы аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Нанкин пошта және телекоммуникациялар университеті (NJUPT, ҚХР) арасында қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту жөніндегі келісімге қол қойылды.
Бұл келісім бұған дейін Қытайда қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы ынтымақтастықтың жалғасы болып табылады және екі университет арасындағы серіктестікті жаңа кезеңге шығарады.
Жаңа келісім аясында электроника, телекоммуникация және радиотехника, машина жасау және өнеркәсіптік инженерия, электрондық және телекоммуникациялық инженерия, энергетика және цифрлық көлік технологиялары бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Saginov Technical University мен NJUPT базасында «Үздік инженерлер институтын» құру жоспарланып отыр. Аталған бастама халықаралық талаптарға сай инженер мамандарды даярлауға бағытталған.
Келісім студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және екі университет арасындағы білім мен тәжірибе алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді.



