Saginov Technical University-де «STU Awards 2026» үздік студенттер мен кураторларды марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті.


Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Университеттің Студенттер сарайының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, іс-шараның мазмұнын айшықтай түсті.

Салтанатты жиында қатысушыларды Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Калыков құттықтап, студенттер мен оқытушыларға білім, ғылым және қоғамдық жұмыстарда толағай табыс тіледі.

Университетте оқу жылының қорытындысы бойынша түрлі номинациялар бойынша үздіктерді анықтау игі дәстүрге айналған. Биыл жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталды: «Жылдың үздік студенті», «Жылдың үздік жатақхана қабаты», «Жылдың үздік факультет орталығы», «Жылдың үздік кураторы». Жалпы жүлде қоры 1 млн 575 мың теңгені құрады.

«Жылдың үздік студенті» номинациясы бойынша:

1-орын – халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың қатысушысы, беделді халықаралық журналдарда ғылыми мақалалары жарияланған, белсенді жас зерттеуші, СИБ-23-11 тобының студенті Байракова Ольгаға;

2-орын – Президенттік шәкіртақы иегері, жастар арасындағы спорттық акробатикадан Азия чемпионы, спорттық акробатикадан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, С-22-3 тобының студенті Мацымоха Илларионға;

3-орын – республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауларының жүлдегері, «Елбасы медалі» жобасының күміс медаль иегері, ОПИ-23-1 тобының студенті Бақыт Замираға берілді.

«Жылдың үздік жатақхана қабаты» номинациясында:

1-орынды ерекше тазалығы мен үлгілі тәртібімен көзге түскен «Студенттер үйі» жатақханасының 2-қабаты иеленді. Студенттік кеңес төрайымы және жатақхана әкімшісі – Жумабекова Гүльзифа;

2-орын №3 жатақхананың 2-қабатына берілді. Студенттік кеңес төрайымы және жатақхана әкімшісі – Ильясова Майнур;

3-орынды «Армандастар ордасы» жатақханасының 6-қабаты иеленді. Студенттік кеңес төрайымы және жатақхана әкімшісі – Утегенова Ботагөз ие болды.

«Жылдың үздік студенттік орталығы» номинациясында:

1-орынды өзіндік ерекше қолтаңбасымен танылған Тау-кен факультетінің жастар орталығы;

2-орынды Көлік логистикасы және инженерлік экономика факультетінің жастар орталығы;

3-орынды Энергетика, автоматика және телекоммуникация факультетінің жастар орталығы иеленді.

«Жылдың үздік кураторы» номинациясында:

1-орын – БЖД-24-1 тобының кураторы Какенова Меруертке;

2-орын – АиУ-24-1 тобының кураторы Хайруллина Эльмираға;

3-орын – ТС-23-1 тобының кураторы Докучаева Натальяға берілді.

«Жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытуға, жастардың әлеуметтік белсенділігі мен мәдени тәрбиесіне қосқан үлесі, сондай-ақ қаламыздағы жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға қосқан үлесі үшін» Қарағанды қаласы әкімінің алғыс хатымен Қарағанды қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Райымбеков Рахат, НД-22-2 тобының студенті, «Жас Орда» жастар бірлестігінің төрағасы, Әбілқас Сағынов атындағы шәкіртақы иегері, волонтер Гержик Владимир; НД-22-2 тобының студенті, Әбілқас Сағынов атындағы шәкіртақы иегері, волонтер, «Жас Орда» жастар қауымдастығы төрағасының орынбасары Токен Абылайхан; АиУ-22-2 тобының студенті, Әбілқас Сағынов атындағы шәкіртақы иегері, «Жас Орда» жастар бірлестігінің белсендісі, волонтер, «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық студенттік қозғалысының белсендісі – университет омбудсмені Бадамбаева Актоты; Э-22-1 тобының студенті, Әбілқас Сағынов атындағы шәкіртақы иегері, волонтер, «Жас Орда» жастар қауымдастығының белсендісі Оралбекова Алима; Э-22-1 тобының студенті, Әбілқас Сағынов атындағы шәкіртақы иегері, «Жас Орда» жастар ұйымының белсендісі Нариманқызы Әннурия марапатталды.

Сонымен қатар, бірқатар студенттер Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығының және Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Басқарма Төрағасы – Ректор Сауле Сагинтаеваның алғыс хаттарымен марапатталды.

Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларды шын жүректен құттықтай отырып, толағай табыстар тілейміз!

Без рубрики