25–26 мамыр күндері Томск қаласына жасалған жұмыс сапары аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, профессор Али Джаванширович Мехтиев өңірдің жетекші жоғары оқу орындары – Томск мемлекеттік университетінде (ТМУ), Томск мемлекеттік басқару жүйелері және радиоэлектроника университетінде (ТМБЖР) және Томск политехникалық университетінде (ТПУ) болды.
Сапардың мақсаты – ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын жүзеге асыру перспективаларын талқылау болды.
ТМБЖР университетінде бірінші проректор Елена Кузьминамен, ғылыми басқарма басшысы Александр Медовникпен және Радиоэлектроника және телекоммуникациялар институтының директоры Александр Заболоцкиймен кездесу өтті. Университет өкілдері ТМБЖР-дың даму бағдарламалары мен басым ғылыми-технологиялық бағыттарын таныстырып, өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.
Кездесу барысында қорғаныш керамикалық жабындарды электронды-сәулелік синтездеу технологиялары, жаңа буын байланыс жүйелері, ақпараттық қауіпсіздік, күштік және аса жоғары жиілікті электроника, радиофотоника, сондай-ақ өндірістік міндеттерді шешуде жасанды интеллектіні қолдану салаларындағы зерттеулер таныстырылды.
Өз кезегінде Али Джаванширович Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғылыми-білім беру әлеуетін таныстырып, университеттің дәстүрлі түрде мықты бағыттарына – тау-кен ісі, энергетика, автоматтандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларға, сондай-ақ жаңа перспективалы білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарына тоқталды. Радиотехника саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық танытылды, себебі екі университеттің құзыреттері бірлескен жұмыс үшін зор әлеуетке ие.
ТМУ және ТПУ-ға жасалған сапарлар барысында да университеттердің басшылығы мен ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізіліп, серіктестік байланыстарды кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.




