Мемлекеттік гранттар саны белгілі болды


Қазақстан Үкіметі 2026–2027 оқу жылына жоғары білім беру саласына арналған мемлекеттік білім гранттарының көлемін бекітті. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы жылдар деңгейінде сақталып отыр. Жалпы саны 89 457 мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде:

– бакалавриатқа – 75 371 грант;

– магистратураға – 11 007 грант;

– докторантураға – 3 079 грант.

Мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрлық қажеттілігі ескерілген. Гранттардың басым бөлігі техникалық және стратегиялық маңызды бағыттарға бөлініп отыр.

Атап айтқанда, гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталған. Сонымен қатар, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға арналған.

Білім беру бағыттары бойынша бөлінген гранттар саны төмендегідей:

– инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 19 250;

– педагогикалық ғылымдарға – 13 738;

– ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 11 662;

– жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363;

– ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145;

– денсаулық сақтау саласына – 2 700;

– қызмет көрсету саласына – 2 400;

– өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915;

– әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағытына – 1 485;

– бизнес, басқару және құқық саласына – 1 423;

– ветеринария бағытына – 1 275 грант.

Мемлекет тарапынан инженерлік-техникалық бағыттарға бөлінетін гранттар санының артуы техникалық мамандықтарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты Saginov Technical University талапкерлерге мемлекеттік грант мүмкіндіктерін түсіндіру және болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағытталған кәсіптік бағдар беру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Университеттің Маркетинг және кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімі «Серпін» бағдарламасы аясындағы кездесулерге, сондай-ақ «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесіне қатысып, талапкерлерге инженерлік, IT және техникалық білім беру бағдарламалары бойынша ақпарат ұсынды. Шетелдік алаңдарда университет мүмкіндіктері таныстырылып, Қарағанды облысының мектептерінде ауқымды кәсіптік бағдар беру кездесулері өткізілді. Сонымен қатар, батыс өңірлерінің жастарына арналған квоталар мен білім алу мүмкіндіктері түсіндірілді.

 

Кездесулер барысында оқушылар мен ата-аналарға 2026–2027 оқу жылына бөлінген мемлекеттік гранттар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар және техникалық білімнің артықшылықтары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 


 

Без рубрики