Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігімен (бұдан әрі – ҚР ҚМА) жоғары және қосымша білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері – Әкімшілік басқарма басшысы Меруерт Саттыбаева және Ұйымдастыру-бақылау басқармасы – штабтың басшысы Нариман Рамазанұлы Интықбаев Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ басшылығымен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
– Біздің басты мақсатымыз – экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтарға тиімді қарсы тұра алатын жоғары білікті мамандар даярлау, – деп атап өтті Агенттік өкілдері.
Өз кезегінде Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков университеттің кәсіпорындармен және мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін айтты. Оның айтуынша, КарТУ мен ҚР ҚМА арасындағы серіктестік және тараптардың өзара қызығушылығы қаржылық қауіпсіздік пен қаржылық сауаттылық саласындағы заманауи сын-қатерлерге тиімді жауап бере алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Келісімге қол қою рәсімінен кейін қонақтар студенттер арасындағы Қаржылық қауіпсіздік бойынша ұлттық олимпиаданың финалисі Александр Лопастинскийге (СИБ-23-9 тобы) сертификат табыстады. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан іріктелген 40 үздік студент қатысқан финалда ол «Ақпараттық қауіпсіздік» бағыты бойынша жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Енді Александр тағы он жеңімпазбен бірге қыркүйек айында Ресей Федерациясының Красноярск қаласында өтетін Қаржылық қауіпсіздік бойынша халықаралық олимпиадада Қазақстан намысын қорғайды.
ҚР ҚМА өкілдері Александрды жоғары жетістігімен құттықтап, халықаралық олимпиадада сәтті өнер көрсетуіне тілектестік білдірді.
Біз де құттықтауларға қосылып, Александрға толағай табыс пен жеңіс тілейміз!












