STU ғалымы эндаумент-қорлар бойынша халықаралық тәжірибе жинақтады


«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Ғылым және инновация департаментінің жетекші ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор Айдын Сапарұлы Кернебаев 2026 жылғы 17 наурыз бен 29 сәуір аралығында SDU Extension Center және «Аврора – Ала» корпоративтік қоры бірлесіп ұйымдастырған «Эндаументтер және фандрайзинг негіздері» курсына қатысты.

Курс қорытындысы бойынша 29 сәуір күні SDU университетінде өткен бітіру рәсіміне қатысты. Сонымен қатар, 30 сәуірде Айдын Сапарұлы Қазақстан қор биржасы (KASE) базасында өткен Қазақстанның эндаумент-қорларының V кәсіби кездесуіне қатысты. Аталған іс-шара Қазақстан қор биржасы мен Standard инвестициялық компаниясының қолдауымен Қазақстанның эндаумент-қорлары Ұлттық қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ-да эндаумент – мақсатты капитал қорын құру мәселесі өзекті болып отыр. Эндаумент-қор – бұл оқу орнының түлектері мен серіктестері тарапынан қалыптастырылатын мақсатты капитал. Әлемдік тәжірибеде мұндай қорлар кеңінен қолданылады.

Мысалы, Гарвард университетінің эндаумент-қоры әлемдегі ең ірі қорлардың бірі болып табылады. Оның ерекшелігі – негізгі капитал сақталып, тек инвестициялық табысы ғана жұмсалады.

Қазіргі уақытта университетте «STU Endowment Fund» мақсатты капитал қорын тіркеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған қорды ұйымдастырушы және болашақта оның қызметін үйлестіруші – Айдын Сапарұлы Кернебаев.

Университет ұжымы бұл бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдіріп, әріптесімізге атқарып жатқан жұмысына зор табыс тілейді.

Без рубрики