Saginov Technical University-де өндіріс өкілдерінің студенттермен кезекті кездесуі өтті.


6 мамыр күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының бастамасымен «Шұбаркөл көмір» АҚ өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы энергетикалық көмір өндіруші жетекші компаниялардың бірі және Еуразиялық топтың (ERG) құрамына кіреді.

Кәсіпорын корпоративтік университет құрамында бола отырып, университетпен тығыз байланыс орнатқан. Студенттер кәсіпорын бөлімшелерінде өндірістік тәжірибеден өтеді, ал көптеген түлектер осы ұйымның тату әрі біртұтас ұжымында табысты еңбек етуде.

Бұл жолы үшінші және төртінші курс студенттерімен таланттарды дамыту жөніндегі сарапшы Сабина Джалмұрзаева, геолог-сарапшы Берік Құлтаев, жылумен және сумен жабдықтау жөніндегі менеджер Асылхан Қыздарбеков, инженер-технолог Самат Мұртазин кездесті.

Кәсіпорын өкілдері студенттерді Еуразиялық топтың (ERG) қызметімен, оның құрамындағы кәсіпорындағы жұмыс ерекшеліктерімен, еңбек және тұрмыс жағдайларымен таныстырды. Әсіресе тәжірибеден өтушілер мен жас мамандардың еңбек ұжымына бейімделу кезеңіне ерекше назар аударылды. «Шұбаркөл көмір» АҚ-да жаңа қызметкерлерге тәлімгер бекіту жақсы дәстүрге айналған.

Кәсіпорында жұмысшылар мен кеңсе қызметкерлеріне жұмысқа барып-келу үшін тегін көлік ұйымдастырылған. Сондай-ақ, мансаптық өсуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ерекше атап өтетін жайт – кәсіпорын ұжымының басым бөлігін жастар құрайды. Кездесуге қатысқан мамандардың да жасы шамамен 30-дан асқан, олардың арасында университет түлектері де бар.

Студенттер өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға жан-жақты жауап алды. Кездесу соңында қонақтар викторина ұйымдастырып, оның нәтижесі шараның тиімді өткенін көрсетті. Студенттердің жедел әрі нақты жауаптарына қарағанда, олар ұсынылған ақпаратты мұқият тыңдағаны байқалды. Бұл кездесу кейбір студенттер үшін болашақ кәсіби жолын айқындайтын маңызды қадам болуы әбден мүмкін.

 

Без рубрики