Saginov Technical University білім беру мүмкіндіктерін «Study in Kazakhstan» көрмесінде таныстырды


2026 жылғы 7–25 сәуір аралығында елімізде «Study in Kazakhstan» жоғары оқу орындарының ауқымды білім көрмесі өтті. Аталған шараға Қазақстанның 60-қа жуық жетекші жоғары оқу орны, сондай-ақ шетелдік университеттердің филиалдары мен білім беру орталықтары қатысты. 🗺️ Жоба Қазақстанның 14 қаласында ұйымдастырылды. Атап айтқанда, көрме Астана, Павлодар, Семей, Өскемен, Қаскелең, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында өтті. Іс-шара аясында 46 000-ға жуық 8-11 сынып оқушылар мен колледж түлектері кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Көрменің негізгі мақсаты – талапкерлерге елімізде жоғары білім алу мүмкіндіктерін таныстыру, білім беру бағдарламаларын таңдауға бағыт беру және болашақ кәсіби жолын айқындауға көмектесу болды.

Іс-шара барысында қатысушылар үшін арнайы кәсіптік бағдар беру сессиялары ұйымдастырылып, сұранысқа ие мамандықтар, мемлекеттік білім гранттары және мансаптық даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Талапкерлер мен ата-аналарға Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, профориентолог Айдос Жұманазар, Омарбек Көшімбайұлы, ҰБТ сарапшысы Фархат Сұлтабаев және білім беру саласының сарапшысы Оразбек Әпсаттар өз тәжірибелерімен бөлісіп, мамандық таңдауда жиі жіберілетін қателіктерден сақтану және мемлекеттік гранттарды тиімді иелену жолдары жөнінде құнды кеңестер берді. Сонымен қатар, іс-шара барысында облыс және қала әкімдері, білім беру басқармаларының басшылары сөз сөйледі.

Түлектерге білім гранттары мен арнайы квоталар жөнінде кең көлемде ақпарат берілді. Атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасы, Батыс өңірлеріне арналған квота мүмкіндіктері және талапкерлерге қолжетімді өзге де мемлекеттік қолдау бағдарламалары таныстырылды. Сонымен қатар, биыл Маңғыстау облысының мектеп түлектеріне 2500 нысаналы білім гранты мен «Серпін» бағдарламасына 2180 бөлінгені ерекше атап өтілді. Бұл бастама өңір жастарының жоғары білім алып, сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне зор мүмкіндік береді.

Көрме аясында Saginov Technical University өкілдері талапкерлерге университеттің білім беру бағдарламалары, техникалық бағыттағы заманауи мамандықтары, гранттық мүмкіндіктері, халықаралық серіктестіктері және студенттік өмірі туралы толық ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, университет студенттеріне арналған жайлы әрі заманауи жатақханалар, оқу мен тұрмысқа қолайлы жағдайлар туралы кеңінен таныстырылды. Келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға қажетті кеңестерге ие болды.

Saginov Technical University талапкерлерді сапалы техникалық білім алып, жарқын болашаққа қадам жасауға шақырады. Сіздерді біздің университетте күтеміз!

Без рубрики