29-30 сәуір күндері академик Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті «XVIII Сағынов оқулары. Білім, ғылым және өндіріс интеграциясы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Іс-шара Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің өкілдері қатысты. Барлығы 120-дан астам ұйымнан 880 ғылыми баяндама ұсынылды. Қатысушылар географиясы Түркия, АҚШ, Канада, Германия, Болгария, Франция және басқа да елдерді қамтып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және Қазақстанның ғылыми күн тәртібіне деген тұрақты қызығушылықты байқатады.
Конференцияның ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, қазіргі университеттің рөлі түбегейлі өзгергенін атап өтті. «Бүгінгі университеттің рөлі түбегейлі өзгерді. Ол – жаңа идея туындайтын орта, жаңа технология жасалатын алаң, экономикаға қажет кадр қалыптастыратын кеңістік. Бұл тұрғыда Сағынов университетінің орны бөлек. Бұл оқу орны тек маман даярлауды емес, тұтас аймақтың сапалы өзгерісіне ықпал етуді діттейді. Бұл – қазіргі заман университетіне қойылатын ең биік талаптардың бірі».
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов шараға онлайн қатысып, оның маңыздылығына тоқталды. «Конференция ғылым, білім және өнеркәсіп салаларының өзекті даму бағыттарын талқылайтын беделді халықаралық алаң болып табылады. Бүгінде университтер тек кадр даярлайтын орын ғана емес, сонымен бірге цифрлық шешімдер әзірлейтін, болашақ құзыреттер қалыптастыратын және экономика үшін жаңа технологиялар жасайтын орталықтарға айналуда. Маңыздысы, бұл бастамалар оқшау түрде емес, ғылым мен білімді дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындайтын жүйелі саясат аясында жүзеге асырылуда».
Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ғылымның практикалық нәтижелілігін арттыру және оның экономикаға қосатын үлесін күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударатынын атап өтті. Осы тұрғыда конференция ғылыми идеяларды, технологиялық шешімдерді және өндірістің нақты сұраныстарын біріктіретін маңызды ғылыми алаң ретінде қарастырылады.
Іс-шараның маңыздылығы отандық өнеркәсіптің жетекші кәсіпорындарының, соның ішінде «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Шұбаркөл көмір» АҚ және басқа да ұйымдардың қатысуымен артты. Аталған кәсіпорындар ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізуге және ғылыми ұйымдармен өзара ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Іс-шара академиялық орта мен өндірістік сектор арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ ғылыми-технологиялық дамудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң ретінде қарастырылды.
Конференция жұмысы 13 тақырыптық секция аясында ұйымдастырылды. Пленарлық және секциялық отырыстар барысында өнеркәсіпте ESG қағидаттарын енгізу, экономиканы декарбонизациялау, цифрлық және интеллектуалдық технологияларды дамыту, ғылым мен өндіріс интеграциясы, сондай-ақ жасанды интеллектіні өнеркәсіптік процестерде қолдану мәселелері қарастырылды.
Негізгі тақырыптар инженерлік ғылымдар, энергетика, машина жасау, геотехнологиялар, көлік және құрылыс, химиялық-биологиялық ғылымдар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, автоматтандыру, сондай-ақ тұрақты даму және ESG бағыттарын қамтыды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған ғылыми баяндамалардың жоғары деңгейін және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ғылым мен білімнің дамуы, инновацияларды ілгерілету ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі екені, бұл бағыттар Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған қағидаттармен үндесетіні және қоғамның әл-ауқатын арттыруға, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға қызмет ететіні атап өтілді.























