Saginov Technical University-де «Суды үнемде — болашақты сақта!» эко-сағаты өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Суды үнемде — болашақты сақта!» атты эко-сағат өтті. Іс-шараға Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің 700-ге жуық студенті (офлайн және онлайн форматта), сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов пен агроөнеркәсіптік кешен, ветеринария және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі орынбасары Руслан Кенжебеков қатысты. Кездесудің модераторы университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Калыков болды.

Эко-сағаттың ашылуында сөз сөйлеген Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагтнтаева қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бүгінгі күні жаһандық деңгейде экологиялық мәселелердің маңызы артып келе жатқанын, соның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі ерекше өзектілікке ие екенін атап өтті. Жақында өткен Орталық Азия елдерінің көшбасшылары, сарапшылар мен БҰҰ өкілдері қатысқан өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы судың адамзат тіршілігінің негізі екенін ерекше атап өткенін жеткізді.

Бүгінгі студенттер – болашақ инженерлер, технологтар, құрылысшылар, IT-мамандар, ертең өндіріс саласына келетінін айта келе, олардың шешімдері су ресурстарын қаншалықты ұқыпты әрі тиімді пайдалануға тікелей әсер ететінін атап өтті.

Суды ұтымды пайдалану әрбір адамның жауапкершілігі екеніне, ол өндірістік көлемде болсын, тұрмыстық деңгейде болсын маңызды екеніне облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков ерекше тоқталды.

Ал ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов өз баяндамасында еліміздегі су ресурстарын пайдалану мәселелері мен оларды шешу жолдарын жан-жақты әрі нақты деректермен таныстырды. Өнеркәсіп орындары, фермерлік шаруашылықтар және жеке тұтынушылар тарапынан суды пайдалану көрсеткіштері, сондай-ақ су ресурстарын тиімсіз пайдаланудың алдын алу және қысқарту мүмкіндіктері туралы мәліметтерді ұсынды. Ол су ресурстарының қазіргі жағдайына тұтас шолу жасап, оны жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Әрқайсымыз суды үнемдеудің маңызын түсініп қана қоймай, оны саналы түрде жүзеге асыруымыз қажет, – деді ол.

Ақылды шешімдер мен ұтымды тәсілдерді қолдану арқылы жылына 260 млн текше метрге дейін суды үнемдеуге болатыны атап өтілді. Бұл бағытта су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасы, су саласын кешенді дамыту жоспары және Су кодексі аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Студенттер осы құжаттармен де танысты.

Сөз соңында Аслан Абдраимов барша қатысушыларды Қазақстанда кеңінен өрістеп жатқан су ресурстарын қалпына келтіру және суды ұтымды пайдалану қозғалысына белсенді қатысуға шақырды.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері де бұл маңызды іске белсенді атсалысуда. Эко-сағат басталар алдында қонақтар студент жастардың су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған үздік инновациялық жобаларымен танысты. Солардың бірі – машина жасау және металлургия факультетінің 2-курс студенті Тамерлан Сериков ұсынған қалдықтардан таза су алу жобасы.

Іс-шараның қорытынды бөлігінде вице-министр студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Эко-сағат соңында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нуржан Нуржигитов қол қойған алғыс хаттар су ресурстарын тиімді пайдалану және әлеуметтік-волонтерлік бастамаларға белсенді қатысқан үздік студенттер мен оқытушыларға табысталды. Марапатталғандар қатарында Басқарма Төрағасы – Ректор Сауле Сагинтаева, Басқарма мүшесі — Әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Калыков, Басқарма мүшесі — Ғылым және инновация жөніндегі проректор А. Мехтиев, профессор А. Қадыров, доцент Д. Ожигин, аға оқытушы О. Алдошина және студентіміз Тамерлан Сериков бар.

Без рубрики