Saginov Technical University базасында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі іске қосылды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында жаңа форматтағы жасанды интеллект мектебі ашылды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында іске қосылған Tomorrow School жасанды интеллект мектептері желісінің бір бөлігі болып табылады.

Жалпыұлттық телекөпірге Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева да қатысты.

Жоба облыс әкімдігі мен жоғары оқу орнының бірлескен бастамасы негізінде жүзеге асырылып, жаңа буын IT-мамандарын даярлауға бағытталған.

Жасанды интеллект мектебінде оқу тегін және кәмелет жасына толған барлық азаматтар үшін қолжетімді. Бағдарлама жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, AI-инженерия және ойын әзірлеу бағыттарын қамтиды. Әсіресе IT саласына жаңадан қадам басқан қатысушылар үшін кең мүмкіндіктер қарастырылған.

Оқу үдерісі peer-to-peer қағидатына негізделген заманауи әдіс арқылы ұйымдастырылған. Мектептің сыйымдылығы 50 орынға есептелген.

Бағдарлама ұзақтығы бір жарым жылды құрайды. Осы уақыт аралығында қатысушылар ондаған жобаны жүзеге асырып, түрлі бағдарламалау тілдерін меңгереді. Оқу соңында әрбір қатысушы өз мансаптық мақсатына сәйкес нақты мамандану бағытын таңдайды.

Жаңа білім беру алаңы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және өңірдің цифрлық кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған.

 

Без рубрики