Saginov Technical University-де «Woopay x Kcell Bootcamp: позициялау және цифрлық қаржылық сервистерді практикада қолдану» тақырыбында буткемп өтті. Іс-шара студенттердің өнім менеджменті және цифрлық қаржылық шешімдер саласындағы практикалық дағдыларын дамытуға бағытталды.
Буткемп аясында шақырылған сарапшылар – Kcell компаниясының цифрлық қаржылық сервистер бөлімінің жетекшісі Сергей Коптик және Wooppay компаниясының CEO кеңесшісі Алекс Сомов дәріс өткізді.
АТФ студенттері өнімдік шешімдерді қалыптастыру және позициялау қағидаларымен танысып, индустриядан алынған нақты кейстерді талдады, өнім позициясын қалыптастыру дағдыларын меңгерді, мобильді төлемдер мен карточкалық шешімдер арасындағы бәсекелестік ерекшеліктерін және өнім портфелін басқару негіздерін қарастырды. Сондай-ақ бонустық механизмдер мен өнімдік құралдардың өсім драйвері ретіндегі рөлі, цифрлық сервистердің заманауи даму үрдістері талқыланды.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, практикалық кейстерді талдау және нақты нарықтық жағдайларды модельдеуді қамтыды. Буткемп Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету және архивтер басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
















