Saginov Technical University студенттері – Республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздары


20–22 сәуір аралығында Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде өткен республикалық пәндік олимпиадада университет студенттерінің тағы бір легі «Автоматтандыру және басқару» бағыты бойынша жеңімпаз атанды.

Жарыс бағдарламасы электротехниканың теориялық негіздері, сызықтық және бейсызықтық автоматты басқару жүйелері бойынша күрделі тапсырмаларды қамтыды. ҚарТУ-дың «Өндірістік процестерді автоматтандыру» кафедрасының студенттері жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте І орынды иеленді. Команда құрамында Аида Қасқанова, Давид Копылов және Олжас Жамбеков.

Сонымен қатар, жеке есепте Давид Копылов І орынды жеңіп алды.

Жетекшілері – ӨПА кафедрасының оқытушылары Леонид Дайч және Гамзат Сүндеттің кәсіби шеберлігі мен студенттерді дайындаудағы жүйелі жұмысы жоғары бағаланып, алғыс хаттармен марапатталды.

Аталған олимпиадаға еліміздің 16 жоғары оқу орнынан 39 студент қатысты. Олардың қатарында:

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Торайғыров университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Халықаралық инженерлік-технологиялық университет (МИТУ), Алматы технологиялық университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Халықаралық көлік-гуманитарлық университет, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М. Тынышпаев атындағы ALT университеті, Есенов университеті, Шәкәрім университеті, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Қарағанды индустриялық университеті, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті.

Қатысушылар арасында жоғары деңгейдегі бәсекелестік байқалып, ҚарТУ студенттері өз білімдері мен дайындықтарының жоғары екенін дәлелдеп, үздік нәтиже көрсетті.

Олимпиада қорытындысы бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне 2027 жылы «Автоматтандыру және басқару» бағыты бойынша XIX Республикалық студенттік олимпиаданы өткізу құқығы берілді. Бұл жетістік ҚарТУ-дағы инженерлік білім берудің жоғары деңгейін және профессорлық-оқытушылық құрамның тиімді жұмысын тағы да дәлелдейді.

Без рубрики