Saginov Technical University-де атаулы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті


23 сәуір күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Сәулет-құрылыс факультетінде профессор Бақытжан Бакеновтің есімі берілген аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бақытжан Бижанұлының есімі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің аға буын қызметкерлері мен түлектеріне жақсы таныс. Ол жоғары білім беру саласында 56 жыл еңбек етіп, соның 30 жылдан астам уақытында аталған университеттерде кафедра басқарды. Осы жылдар ішінде еліміздің және бұрынғы одақтас республикалардың құрылыс саласы үшін мыңдаған білікті маман даярлады. Олардың қатарынан бүгінде ірі құрылыс компаниялары мен ұйымдарының басшылары шыққан. Аудиторияның ашылу рәсіміне Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева, Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев, сондай-ақ туған-туыстары, әріптестері, достары және шәкірттері қатысты.

Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева мен факультет деканы Данияр Токанов аудиторияның қызыл лентасын қиды. Алдағы уақытта №154 аудиторияның кіре берісіне Бақытжан Бакеновтің есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылып, ол студенттерге өз өмірін құрылыс саласы мамандарын даярлауға арнаған, кәсіби және азаматтық борышын абыроймен атқарған тұлға ретінде үлгі болмақ. Аудиторияның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Сауле Сагинтаева Бақытжан Бакеновтің ғылым мен жоғары білім саласының дамуына, сондай-ақ білікті мамандар даярлауға қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.

– Бақытжан Бакеновтің мұрасы оның шәкірттерінің қызметінде, әдістемелік еңбектерінде, сондай-ақ елордада оның қатысуымен бой көтерген бірегей ғимараттар мен нысандарда жалғасып жатыр, – деді ол.

Салтанатты шарада Бақытжан Бижанұлы туралы естеліктерімен ҚарТУ профессорлары Қайролла Қызыров, Ибадулла Арыстанов, Тоқмырза Ынтықов, ҚазКҚДИ директоры Жмағұл Нугужинов, сондай-ақ ЕҰУ профессорлары Рысқұл Ойнаров, Шерім Төлегенов, Тасыбек Бикенов және ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдары академиясының академигі Тельман Сейсембеков бөлісті. Бұл естеліктер арқылы Б. Бакеновтің нағыз ғалым, өз ісіне шын берілген ұстаз, парасатты тұлға бейнесі қалыптасты.

«Ұстаз, сенің алдыңда бас иемін…». Бұл сөздер Бақытжан Бакеновтің өмір жолын айқын сипаттайды. Ол әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде терең із қалдырған тұлға. Университетте ғылым мен білімге елеулі үлес қосқан азаматтарды ұлықтау дәстүрге айналған. Бүгінде оқу ғимараттарында олардың портреттері мен ескерткіш тақталары орнатылған. Осылайша 25 атаулы аудиторияның қатарына Бахытжан Бикенов атындағы тағы бір аудитория қосылды. Салтанатты рәсімге Бақытжан Бакеновтің ұлы мен қызы да қатысты.

Без рубрики