Saginov Technical University-де шетелдік сарапшылар – Польша профессорларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті


14 сәуірде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Кәсіпорын экономикасы және менеджменті» кафедрасында «Цифрландыру жағдайында білім беру бағдарламаларын жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға кафедраның профессор-оқытушылар құрамымен қатар, университетке жұмыс сапарымен келген шетелдік қонақтар – Польшадағы Познань технологиялық университетінің профессорлары Hanna Włodarkiewicz-Klimek және Joanna Kałkowska қатысты.

Кафедра меңгерушісі Гаухар Танекеева өз елдерінде Инженерлік менеджмент факультетінде дәріс беретін шетелдік сарапшыларды таныстырды. Аталған факультет біздің кафедрада дайындалатын мамандықтарға ұқсас бірқатар бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Бұл дөңгелек үстелде білім беру бағдарламаларына жауапты оқытушылардың баяндамалары барысында белгілі болды: «Өнеркәсіп экономикасы» – Айман Байменова; «Өнеркәсіп салаларындағы маркетинг» – Айымгүл Минишева; «Бағалау (салалар бойынша)» – Николай Лустов; «Өнеркәсіптегі есеп және аудит» – Перизат Бузаубаева және басқалар.

Өз кезегінде Hanna Włodarkiewicz-Klimek екі жоғары оқу орнында мамандар даярлау ісінде ортақ бағыттардың көп екенін атап өтіп, Познань технологиялық университетінің қызметі мен атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, білім беру үдерісіне жаңа инновациялық тәсілдерді енгізу және ғылым мен тәжірибені ұштастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар өкілдерінің баяндамашыларға қойған сұрақтары өзара тәжірибе алмасуға және екі университет арасындағы әріптестікті нығайтуға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Дөңгелек үстел еркін форматта өтіп, қатысушыларға жаңа білім мен пайдалы тәжірибе берді.

Кездесу соңында Гаухар Танекеева шетелдік сарапшылар мен қатысушыларға алғыс білдіріп, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

Без рубрики