Алматыда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Қазақстан мен Әзірбайжан университеттері ректорларының II форумы «Study in Azerbaijan» өтуде.
Форум жұмысына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры Сауле Сагинатаева және стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Тимур Қанапьянов қатысуда.
Ауқымды шара аясында Сауле Сагинатаева Әзірбайжанның жетекші университеттерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда: Azerbaijan Technical University, Sumgait State University және Khazar University. Келісімдер академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін қамтиды.
Ынтымақтастық білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ оқытушылар, студенттер арасында академиялық алмасуға қолдау көрсетуді, университеттер арасында бірлескен зерттеулер жүргізу және халықаралық серіктестікті нығайтуды мақсат етеді.
Бұл маңызды оқиға Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді және инженерлік білім беру, ғылыми зерттеулер мен озық технологиялар саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуда маңызды қадам болып табылады.











