Saginov Technical University Моңғолиядағы «Қазақстандық білім күндері» көрмесіне қатысты


2026 жылғы 25–26 наурыз күндері Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өткен «Қазақстандық білім күндері» ауқымды көрмесіне Saginov Technical University өкілдері қатысып, шетелдегі қандас талапкерлерге университет мүмкіндіктерін таныстырды.

Аталған білім көрмесі ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ және жергілікті әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылып, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарын бір алаңға жинады. Шараның басты мақсаты – қандас жастарға Қазақстанда білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы толық ақпарат беру болды.

Биылғы көрмеге Қазақстанның 10-нан астам жетекші жоғары оқу орны, атап айтқанда: Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Astana IT University, Astana International University, Esil University, М. Тынышпаев атындағы ALT University, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті және Болашақ академиясының өкілдері қатысты.

Шараның салтанатты ашылуына Баян-Өлгей аймағының әкімі Заңғар Есентайұлы қатысып, екі ел арасындағы білім мен мәдениет саласындағы алтын көпірдің маңыздылығын атап өтті.

Көрме барысында Saginov Technical University өкілдері талапкерлер мен олардың ата-аналарына білім беру бағдарламалары, грант мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық және студенттерге жасалатын әлеуметтік қолдау жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, университеттің заманауи материалдық-техникалық базасы мен халықаралық серіктестіктері таныстырылды.

«Отандастар қорының» маманы Талғат Кенжеханұлы атап өткендей, жыл сайын гранттар мен жеңілдіктерге қызығушылық танытатын жастардың саны артып келеді, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстың нығайғанын көрсетеді.

Saginov Technical University үшін бұл көрме – шетелдегі қазақ жастарына сапалы білім ұсыну бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Университет алдағы уақытта да халықаралық білім көрмелеріне белсенді қатысып, талапкерлерге жан-жақты ақпарат беруді жалғастырады.

Без рубрики