Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Қош келдің, Әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды. Мереке барысында барлық факультет киіз үйлер тігіп, этноауылдарға бөлініп, қонақтарға дәстүрлі дастарқан ұсынылды.
Қарағанды қаласының музыкалық театры «Илигай» әнін орындап, шараға мерекелік әуен берді. Содан кейін бақ-дәулет еселеніп, әр шаңыраққа ырыс-несібе мен береке дарысын деген ізгі ниетпен шашу шашылды.
Сәулет-құрылыс факультеті, Ақпараттық технологиялар факультеті, тау-кен факультеті, энергетика, автоматика және телекоммуникация факультеті, Көлік, логистика және инженерлік экономика факультеті студенттері және Металлургия мен машина жасау факультетінің оқытушылары дәстүрлі әндер, күйлер, сахналық қойылымдар мен заманауи би нөмірлерін ұсынды. «Жас Орда» жастар қауымдастығы да өз өнерлерімен жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар ұлттық спорт ойындары – «Арқан тарту» және «Кір көтеру» жарыстары өтті. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтар мен марапаттарға ие болды.
Әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Абай Қалықов университет ұжымын, студенттер қауымын және келген қонақтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, Басқарма Төрағасы-ректор Сауле Сагинтаеваның ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар басқарма мүшелері-проректорлар да барша қауымды жаңару мен жаңғыру мерекесімен құттықтады.
Мерекелік шара университет ұжымы мен студенттер қауымын ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұра арқылы біріктіріп, Наурыз мейрамының рухани мәнін ерекше атап, бірлік пен берекенің маңыздылығын көрсетті.




































