Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Томск мемлекеттік басқару жүйелері және радиоэлектроника университетімен ынтымақтастық туралы келісімге отырды. Құжатқа университет ректоры Виктор Рулевский мен Сағынов университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков қол қойды.
Екі жоғары оқу орнын жиырма жылдан астам уақытқа созылған серіктестік байланыстырады. 2024 жылы қос дипломды университетаралық білім беру бағдарламасы іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Жаңа келісім жоғары білікті мамандарды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, бірлескен білім беру және ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және ортақ ғылыми-практикалық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған.
Бекболат Нүсіпбековтің айтуынша, қос диплом бағдарламасы аясында қазіргі уақытта Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың алты студенті Томск мемлекеттік басқару жүйелері және радиоэлектроника университінің «Радиотехника» мамандығы бойынша білім алуда. Жаңа келісім ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық жүйелер сияқты басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға және екі университет арасындағы академиялық ұтқырлықты кеңейтуге мүмкіндік береді.




