Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Тау-кен факультетінде «Шамшырақ» шығармашылық жастар ұйымының ұйымдастыруымен Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық әртісі, көптеген байқаулардың лауреаты Кеңес Жұмабековпен кездесу өтті.
Кездесу барысында Кеңес Нарымбайұлы өнер жолы, шығармашылық ізденістері мен жетістіктері туралы әңгімелеп берді. Жиналған студенттер әсерлі әңгімені үлкен қызығушылықпен тыңдап, көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Сонымен қатар, факультеттің өнерлі студенттері де өз өнерлерін ортаға салды: бірі күй тартып берсе, енді бірі Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек» поэмасынан мәнерлеп үзінді оқыды.
Кеш соңында Тау-кен факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбек Жолмағанбетов құрметті қонаққа кездесуге келіп, мазмұнды әңгімесі үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады. Кездесу мазмұнды әрі әсерлі өтті.