Saginov Technical University-де конституциялық реформаға арналған дөңгелек үстел өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар факультеті «Қазақстан тарихы» кафедрасы «Конституциялық реформа – Қазақстан Республикасының құқықтық жаңғыруының негізгі факторы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – ҚР саяси-құқықтық дамуы аясындағы конституциялық өзгерістерді талқылау, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау, білім беру мен ғылымды дамытуға ықпалын сараптау болды.</>

Жиынға Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында конституциялық жаңғыру елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңартудың стратегиялық бағыты екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл үдеріс мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, демократиялық институттарды нығайтуға және орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді.

Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Алексей Калинин Конституцияда бекітілген білім алу құқығы мен ғылыми шығармашылық еркіндігі инновациялық мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, ғылым мен білім қоғамдық жаңғырудың негізгі ресурстары болып табылады.

Дөңгелек үстелдің ұйымдастырушылары – «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Зәуре Қартова және т.ғ.к., профессор Айнагүл Даниярова іс-шараға модераторлық етті.

Дөңгелек үстел барысында баяндамалар жасағандар: Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ «Дүниежүзі тарихы және халықаралық қатынастар» кафедрасының профессоры, т.ғ.к. Бахытгүл Тулеуова, ҚарМУ «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Бағдат Битенова, сондай-ақ университет өкілдері – Коммерцияландыру кеңсесінің басшысы Руслан Бузяков, магистр, аға оқытушы Талғат Макалаков және магистр, аға оқытушы Меруерт Қасенова.

Талқылауға «Сәулет» және «Қоршаған орта кеңістігінің сәулеті» білім беру бағдарламалары бойынша сәулет-құрылыс факультетінің студенттері белсенді қатысып, өз ой-пікірлерін білдірді.

Жиынды қорытындылаған Зәуре Қартова конституциялық деңгейде ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау қағидаттары бекітілетінін атап өтті. Сонымен қатар ол мазмұнды баяндамалар жасаған спикерлерге алғыс білдіріп, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор, профессор Бекболат Нүсіпбековтің атынан алғыс хаттар табыстады.

 

Без рубрики