Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасы «Тарихи емес мамандықтарға «Қазақстан тарихын» оқыту: академиялық тәсілдер мен авторлық әдістеме» тақырыбында методикалық воркшоп ұйымдастырды.
Шараға «Болашақ» академиясы, Қарағанды медициналық университеті, Қарағанды Қазтұтынуодағы университеттерінің тарихи емес мамандық оқытушылары және қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері қатысты. Воркшоптың модераторы – тарих ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі және доцент Зауре Картова. Спикер ретінде белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының директоры, профессор-зерттеуші Зәуреш Сақтағанова сөз сөйледі.
Іс-шара барысында қатысушыларға академиялық курс логикасы, студенттердің мамандығына бейімдеу мүмкіндіктері және авторлық методиканың элементтері таныстырылды. Воркшоп соңында кафедра оқытушылары өңірлік ЖОО-ларда қолдануға арналған тәжірибелік материалдарды әзірлеу және ғылыми-әдістемелік ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныстарымен бөлісті.




