12 ақпан күні Saginov Technical University-де Қазақстан Республикасы Жобалық менеджерлер одағының сарапшы-кеңесшісі, PMI PMBOK стандарты бойынша жобаларды басқарудың базалық сертификаттау курсының оқытушысы (IPMA C, MBA сертификаттарының иегері), сондай-ақ «Алем университеті» оқу орнында VBA бағдарламалары бойынша дәріс беретін Юрий Тютиковпен кездесу өтті.
Кездесу университеттің белгілі серіктестерінің бірі – «KZ TRANSIT» компаниясының және Teleport 3D стартапының негізін қалаушы Данил Ращупкиннің бастамасымен ұйымдастырылды.
Қонақтарды Басқарма мүшесі – Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев, Инновациялық технологиялар факультетінің деканы Алексей Калинин, «Энергетикалық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі Елена Нешина, коммерцияландыру офисінің экономисі Иван Субботин қарсы алды.
Юрий Тютиков таныстыру сапарының мақсаты туралы айтып, жобалардың табысты жүзеге асырылуы кадрлардың кәсіби даярлығына, олардың құзыреттілігіне – білім, білік, дағдысы мен практикалық тәжірибесіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол жобаларды басқарудың бастамадан бастап аяқталуына дейінгі барлық негізгі кезеңдерін қамтитын құрылымдалған тәсілді ұсынатын PMI PMBOK әдіснамасы туралы кеңінен баяндады. Оқыту нәтижесінде берілетін сертификаттар әлемнің 160-тан астам елінде мойындалады.
Кездесу барысында өңірдегі құс фабрикасының қалдықтарын тиімді пайдалану және биотехнология бағытында жобалар әзірлеу мәселелері де талқыланды.
Өз кезегінде Али Мехтиев қонақты университеттің бірлескен, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға арналған мүмкіндіктерімен таныстырып, ынтымақтастық туралы меморандум жобасын әзірлеуді ұсынды. Аталған құжат университет басшылығының қатысуымен талқыланатын болады.
Кездесу соңында қонаққа университет бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.


