Қарағанды облысы әкімдігінде «Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін мониторингілеу және 2030 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу» атты ғылыми-зерттеу жұмысына арналған дөңгелек үстел өтті. Зерттеу жұмысын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары Қарағанды облысы «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік коммуналдық қызметі тапсырысы бойынша орындады.
Жергілікті атқарушы және қадағалау органдарының өкілдерінен шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімінің орынбасарлары, Қарағанды, Теміртау, Сарань, Шахтинск қалаларының әкімдері, Абай ауданының әкімі, облыс әкімдігінің аппаратының басшысы, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер және көлік ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Университет тарапынан қатысқандар: Басқарма мүшесі – Ғылым және инновация жөніндегі проректор Али Мехтиев, профессор Оюм Балабаев, доцент Серік Акенов, доцент Валентин Михайлов.
Жобаның ғылыми жетекшісі, профессор Оюм Балабаев қатысушыларды ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі нәтижелерімен таныстырды. Баяндамада Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының жобасы және оның іске асыру жоспары, 50-ден астам іс-шараны қамтитын жоба ұсынылды. Ғылыми-зерттеу жұмысы аясында жасанды интеллект элементтері бар арнайы зерттеу құралдары әзірленгендігіне ерекше мән берілді.
Дөңгелек үстел қатысушылары жобаларға оң баға беріп, ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша ұсынылған жобаларды іске асыруға қабылдауды ұсынды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып, олардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін жұмыс тобы құруды тапсырды. Ұсынылған тұжырымдаманы және іс-шаралар жоспарын іске асыру Қарағанды агломерациясында көлік қолжетімділігін, қауіпсіздікті және логистикалық әлеуетті айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.




