ҚарТУ инженерлік-құрылыс білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда


Жұмыс сапары аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университінің Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Данияр Тоқанов Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Архитектура, құрылыс және энергетика мектебінің деканы, PhD докторы Айбек Акаевпен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында құрылыс саласындағы құзыреттер және технологиялар трансферті орталығының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Ольга Руденкомен бірге оқу және ғылыми-зерттеу зертханаларына шолу жасалып, заманауи құрылыс зертханасын құру, жабдықтау және халықаралық аккредитациялау тәжірибесі, сондай-ақ құрылыс технологиялары мен материалдары саласындағы оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ академиялық және ғылыми бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, оқытушылар мен білім алушылармен алмасу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп іске асыру, ғылыми зерттеулер жүргізу, гранттық және шаруашылық келісімшарттар аясындағы жобаларға қатысу, сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың диссертациялық жұмыстарын даярлау және қорғау мәселелері сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инженерлік-құрылыс білім беру сапасын арттыруға және екі жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік танытты.

Без рубрики