Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ базасында шағын биогаз қондырғысын таныстыруға және оны білім беру мен ғылыми ортада одан әрі пайдалану мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Германия мен Қазақстан өкілдері, Қарағанды облысы әкімдігі мен профильді мемлекеттік органдары, университет және сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Жоба Орталық Азияның тұрақты даму қоғамдық қоры «Creative Innovation Institute» тарапынан іске асырылуда.
Қор Орталық Азиядағы герман экономикасы өкілдігі (DEInternational Kasachstan) өткізген ашық конкурстық іріктеудің жеңімпазы атанып, университет алаңына орналастыру үшін Германияда өндірілген nOa One M шағын биогаз қондырғысын алды. Қор сарапшығы Александра Харитонова жобаны және қондырғыны пайдалану моделіне арналған баяндаманы жиналғандарға ұсынды. Аталған жоба жоғары білім беру жүйесінде тұрақты дамудың практикалық бағытталған моделін қалыптастыруға бағытталған. Қондырғы инженерлік, экологиялық және ESG пәндері аясында демонстрациялық оқу объекті ретінде қолданылады, сондай-ақ цифрлық білім беру құралдарымен және авторлық PLATON 5D әдістемесімен біріктіріліп, университет базасында циркулярлық экономика технологияларын тәжірибе арқылы меңгертуге арналған «тірі зертхана» форматындағы алаң құруға мүмкіндік береді.
Биогаз қондырғысы жылына 7 тоннаға дейін органикалық қалдықтарды өңдеуге, тәулігіне 2 м³-ке дейін биогаз өндіруге және жыл сайын 18 тонна CO₂-эквивалентке дейін шығарындыларды қысқартуға мүмкіндік береді. Алынатын дигестат университет кампусы мен оқу нысандарын көгалдандыруға пайдаланылып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және химиялық тыңайтқыштарды алмастыруға ықпал етеді.
-Жобаны іске асыру университетте практикалық бағыттағы ғылым мен инновацияларды дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол оқыту, зерттеу жұмыстары мен заманауи тұрақты даму технологияларын көрсетуге мүмкіндік береді», – деді ҚарТУ-дың ғылым және инновация жөніндегі проректоры Али Мехтиев. – Бұл қондырғы студенттер мен жас ғалымдар үшін тиімді оқу-тәжірибелік алаң болып, оларда «жасыл» экономика саласындағы болашаққа қажетті дағдылар мен біліктіліктерді қалыптастырады.
Экологиялық жоба Қазақстан Республикасы Президенті жуырда өткен Ұлттық құрылтайда белгілеген басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылуда. Ол қоршаған ортаны қорғау шешімдерін дамытуға және климаттық мәселелер аясында білім берудің рөлін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық саясаты мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сай, тұрақты технологияларды білім беру жүйесі мен өңірлік инфрақұрылымға енгізуге үлес қосады.







