Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен Ғылыми кеңес отырысы барысында университет үшін тарихи маңызы зор оқиға орын алды. Басқарма төрағасы – ректор Сауле Сагинтаева белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, университетті басқарған Арыстан Ғазалиевтің көрнекті ғалым Әбілқас Сағыновтың ұлттық бас киімін Қарағанды техникалық университетінің мұражайына табыстау үшін өзіне тапсырғанын хабарлады. Ректор университет үшін маңызды сыйлықтың тарихи және рухани мәнін атап өтіп, берілген жәдігердің ғылыми мұра мен ұрпақ сабақтастығының символы болып табылатынын, студенттер мен қызметкерлерді жоғары ғылыми және кәсіби жетістіктерге шабыттандыратынын атап көрсетті.
Ғылыми кеңес университет қызметкерлерін марапаттаумен басталды. ҚР Премьер Министірінің орынбасары-Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің бұйрығымен «Үздік цифрландырушы» төсбелгісімен Басқарма мүшесі-Цифрландыру жөніндегі проректор Азамат Амиров пен «Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» кафедрасының меңгерушісі Мурат Кожанов марапатталды. Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес, Анатолий Куликов «Электроэнергетика» білім беру бағдарламасы бойынша, ал Максим Хан және Мадина Айсанова «Құрылыс материалдары, бұйымдары және конструкцияларын өндіру» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алды. Университет басшылығы қызметкерлерге алғыс білдіріп, білім мен ғылым саласында табыс тіледі.
Күн тәртібіндегі университеттің 2024-2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасын іске асыру мәселесін Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Канапьянов баяндап, 2025 жылға арналған Даму бағдарламасының іске асырылу қорытындыларын шығарды. Университет өңірдің ғылыми-технологиялық хабы ретіндегі позициясын нығайтып, тұрақты дамуды, халықаралық және ұлттық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштерді, сондай-ақ стратегиялық мақсаттардың табысты іске асырылуын көрсетуде. 2025 жылы аталған бағдарлама аясында 4 негізгі мақсатқа, 29 нысаналы индикаторға және 155 іс-шараға қол жеткізуге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылды, бұл стратегиялық дамуға жүйелі әрі дәйекті көзқарасты дәлелдейді.
Сондай-ақ университет жетістіктері ұлттық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, QS World University Rankings 2025 рейтингіне еніп, тұрақты дамуға қосқан үлесі үшін UI GreenMetric рейтингінде және цифрлық қолжетімділік көрсеткіштері бойынша Webometrics рейтингінде аталды. Білім беру бағдарламаларының сапасы жоғары нәтижелермен расталды: 29 бағдарламаның 23-і «Атамекен» ҰКП рейтингі бойынша ТОП-10 қатарына енсе, барлық 50 бағдарлама НААР рейтингінде ТОП-10 қатарынан көрінді. Сонымен қатар университет IAAR халықаралық аккредитациясынан 7 жыл мерзімге сәтті өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеде 2025 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығындағы Ғылыми кеңес шешімдерінің орындалуына жүргізілген мониторинг қорытындылары қаралды. «Құрылыс материалдары және технологиялары» кафедрасының доценті, техникалық ғылымдарының кандидаты Галия Рахимова университет Ғылыми кеңесінің тамыз–желтоқсан айларындағы шешімдерінің белгіленген мерзімдерде және қабылданған тұжырымдамаларға сәйкес орындалып, шешімдердің орындалмау фактілері анықталмағанын баяндады.
Ғылыми кеңесте сондай-ақ білім сапасын арттыру және университеттің ғылыми қызметін дамыту бойынша басқа да басым бағыттар тыңдалып, талқыланды.






