ҚарТУ ректоры Сауле Сагинтаева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында Қытайдан шақырылған дәріскер Ханьсяо Ченьмен кездесті.
Ханьсяо Чень – киберқауіпсіздік саласы бойынша PhD докторы, Қытайдың Электрондық ғылымдар және технологиялар университетінің (UESTC) постдокторанты. Ол халықаралық журналдар мен конференцияларда (NDSS, USENIX Security, ICML, IEEE Transactions on Information Forensics and Security) көптеген жарияланымдардың авторы. Ғалымның Хирш индексі (h-index 8) оның ғылыми өнімділігі мен дәйектілігінің жоғары деңгейін растайды. Ғылыми қызығушылықтары деректерді криптографиялық қорғау, ақпараттық қауіпсіздік және құпиялылықты сақтау салаларын қамтиды.
«UESTC Қытайдағы жасанды интеллект, электроника және киберқауіпсіздік саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Сізді дәріскер ретінде тарту тәжірибе алмасуға, халықаралық академиялық байланыстарды дамытуға тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті ректор Сауле Сагинтаева.
Шетелдік дәріскерді тарту ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен қол қойылған UESTC мен ҚарТУ арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру бағытындағы қадамдардың бірі болып табылады.







