Жезқазған қаласында Қазақстанның геология және тау-кен өндірісі саласының дамуына жаңа серпін беретін әлемдік стандартқа сай Геологиялық кластердің салтанатты ашылуы өтті. Бұл бірегей орталық – заманауи зертханаларды, инновациялық технологияларды және тәжірибеге бағытталған білім беруді біріктіретін еліміздегі алғашқы кешен.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Парламентінің депутаттары, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдері, сала мамандары, университеттердің профессор-оқытушылар құрамы және халықаралық серіктестер қатысты. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті тарапынан іс-шараға Басқарма Төрағасы – Ректор Сауле Сагинтаева, «Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру» кафедрасының меңгерушісі Асқар Имашев, және «Үздіксіз білім беру институты» директоры Нұрлан Алтынбеков қатысты.
Жобаны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «Kazakhmys Barlau» ЖШС бірлесіп жүзеге асырды. Кластердің басты ерекшелігі – өндіріске бағытталған жаңа білім беру моделін енгізуі. Бұл модель Satbayev University – Ulytau University – Colorado School of Mines арасындағы үшжақты стратегиялық серіктестік аясында іске асырылып, геология және минералдық инжиниринг салалары бойынша халықаралық деңгейге сай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Геологиялық кластердің ашылуы – Жезқазған өңірі ғана емес, бүкіл ел үшін геология саласын жаңғыртудағы маңызды стратегиялық қадам. Жоба аясында өңірде заманауи кампус салу жоспарланып отыр. Бұл бастама Жезқазғанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, жастардың келуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті кадрларды даярлауға жағдай жасайды.


