16 қазан күні Saginov Technical University-ге Франция елшісінің мәдениет және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуа мен оның көмекшісі, аудармашы Наталья Проскурякова келді.
Бұл – алыс Франциядан келген қонақтардың біздің университетке алғаш келуі емес. Алайда Себастьен де Куртуа Қарағандыға алғаш рет табан тіреп отыр. Ол қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, кездесуге қатысқан университет өкілдерін әріптестерім деп атай алатынын атап өтті. Себебі ол кезінде Франция университетінде жаратылыстану ғылымдарын оқытқан. Осы саладағы өз тәжірибесіне сүйене отырып, ол француз әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуға қатысты ұсыныстарды естуді қалайтынын айтты. Сонымен қатар кездесу барысында бұл ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін айқындап, оны одан әрі дамыту мен тереңдету үшін қандай шаралар қажет екенін талқылауды көздеді.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрайымы – Ректор Сауле Сагинтаева қонақтардың бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Университет пен Франция арасындағы ынтымақтастық 2010 жылы басталған. Сол жылы мемлекет басшыларының қолдауымен біздің университетте Дәнекерлеу институты ашылған. Бұл бастаманы француздың «TOTAL E&P Kazakhstan» компаниясы ұсынған. Кездесу кезінде университет басшылығы Себастьен де Куртуа мырзадан осы жобаны жалғастыруға қолдау көрсетуді ұсынды. Себебі бұл жоба арқылы көптеген білікті мамандар даярланған еді.
Алайда француз әріптестерімен ынтымақтастық бұнымен шектелмейді. Екі тарап та академиялық алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және ортақ жобалар әзірлеу сияқты бағыттарға қызығушылық танытып отыр. Демек, бұдан бұрын басталған ынтымақтастық алдағы уақытта жаңа серпін алады деген сенім бар.
Қонақтарға университет туралы таныстырылым көрсетіліп, студенттік өмір жайлы бейнефильм ұсынылды.