ӘБІЛҚАС САҒЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ 2024–2025 ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫН ҰСЫНДЫ


Қарағанды облысының ақпараттық-талдамалық орталығында өткен брифинг барысында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 2024–2025 оқу жылындағы білім беру, ғылыми, тәрбие және қаржы-шаруашылық қызметінің негізгі нәтижелері таныстырылды.

Университет ректоры атап өткендей, өткен кезең жоғары білім беру жүйесі үшін белсенді өзгерістер мен жаңа бағыттарды айқындаған уақыт болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, еліміздің басты міндеттерінің бірі – цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары жағдайында жұмыс істей алатын мамандарды даярлау болып табылады. Осы орайда техникалық және аймақтық жоғары оқу орындарының рөлі ерекше маңызға ие.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бүгінде еліміздің индустриялық дамуына үлес қосып отырған жетекші инженерлік-техникалық жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.

Университетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде 100 білім беру бағдарламасы, 13 әскери мамандық және 15 колледж бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2024–2025 оқу жылында білім алушылар саны 9,25%-ға өсіп, 9202 адамды құрады. Қабылдау көрсеткіші 3359 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға артты.

Білім беру сапасы ұлттық және халықаралық рейтингтермен расталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингінде 30 бағдарламаның 26-сы ТОП-10 қатарына енсе, НААР рейтингінде барлық 50 бағдарлама үздік ондықта орналасқан. Ал QS World University Rankings 2025 халықаралық рейтингінде университет 851+ позициясын иеленді.

Бейресми білім беруді мойындау тәжірибесін кеңейтіп, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 90%-ға жетті. Қазіргі уақытта университетте 102 мамандандырылған зертхана жұмыс істейді.

Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан ұлттық AI SANA жобасы аясында университет «зәкірлік» жоғары оқу орны ретінде бекітілді. Барлық студенттер Huawei платформасында жасанды интеллект бойынша курстардан өтті, ал оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылды.

Кадрлық әлеует университет қызметінің басым бағыты болып қала береді. Қазіргі таңда оқу үдерісіне 587 оқытушы мен 80-нен астам өндіріс маманы қатысады, олардың ішінде 30 ғылым докторы, 150 ғылым кандидаты және 88 PhD докторы бар.

Ғылыми зерттеулердің жалпы қаржыландыру көлемі 2 млрд теңгеден асты. Соңғы үш жылда мемлекеттік ғылыми жобаларға бөлінетін қаражат төрт есеге өсіп, 1,2 млрд теңгеге жетті. 2024 жылы университеттің ғалымдары мен студенттері 57 ғылыми мақала жариялап, 74 халықаралық және 49 республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанды.

Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде университет 23 елдің жоғары оқу орындарымен 152 серіктестік келісімге қол қойған. Студенттер Польша, Германия, Чехия, Қытай және басқа елдерде академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша білім алуда.

Сонымен қатар, университет әлеуметтік, мәдени және спорттық өмірге белсенді қатысатын 2000-нан астам студентті біріктіретін 21 студенттік клуб пен ұйымның жұмысын дамытып келеді. Университет командасы «University League-2024» футзал чемпионатында Қазақстан чемпионы атанды.

Ректор өз сөзін Мемлекет басшысының сөздерімен қорытындылады:

«Қазақстанның тұрақты дамуының негізі – ғылым, білім және инновациялар.»

Осы бағытта университет аймақтың индустриялық-инновациялық дамуына үлес қоса отырып, өзінің стратегиялық мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.

Без рубрики