Saginov Technical University мен РМК «ҚазСтандарт» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды


24 қыркүйекте Saginov Technical University-ге бас директор Малик Саулебай бастаған Республикалық мемлекеттік кәсіпорын «ҚазСтандарт» делегациясы келді. Кездесу барысында тараптар кадр даярлау, халықаралық тәжірибелерді енгізу және бірлескен ғылыми-техникалық жұмыстарды жүргізу мәселелерін талқылады.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Сауле Сагинтаева стандарттар мен өлшемдерге қойылатын талаптар үздіксіз өсіп отырған жағдайда ғылымның бұл бағыттағы жұмыстағы маңызы ерекше екенін атап өтті.

Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін инженерлік кадрлар даярлаудың өзектілігіне назар аударды. Ол Saginov University-дің заманауи зертханалары, жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы бар екенін және түлектері еңбек нарығында табысты бәсекелесіп жүргенін айтты.

Біз жай ғана инженер емес, еңбек нарығының барлық талаптарына сай жаңа формациядағы инженерлерді даярлаймыз. Экономистерге де қатысты айтар болсақ, біз өнеркәсіп үшін мамандарды даярлап отырмыз. Бұл – осындай кәсіби кадрларға өсіп отырған сұраныстың тікелей талабы, – деп нақтылады Али Мехтиев.

Ол ғылыми-техникалық жобаларға, гранттық қаржыландыруға бірлесіп қатысуды және қазақстандық үлесі жоғары интеллектуалды талшықты-оптикалық датчиктерді әзірлеуді әрі олардың өндірісін ұйымдастыруды, сондай-ақ шетелдік нарыққа шығару мүмкіндігін ұсынды. Сонымен қатар, «ҚазСтандартпен» бірлесе отырып, тау-кен кәсіпорындары үшін өлшеу және бақылау құралдарын әзірлеу ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар мұндай әріптестік өзара әдістемелік және ғылыми қолдауға жол ашатынын атап өтті.

Өз кезегінде РМК «ҚазСтандарт» бас директоры Малик Саулебай институт жұмысының ауқымын және стандартизацияның әрбір адамның өміріндегі рөлін атап өтті. Қазақстанның ұлттық стандартизация жүйесі 10 мыңнан астам ұлттық стандартты және бұрынғыдан қалған 40 мыңнан аса ГОСТ-ты қамтиды.

Бұл – тұрақты жаңартуды және кәсіби тәсілді қажет ететін ауқымды жұмыс. Стандартизация мен метрология бізді туғаннан бастап өмір бойы бірге алып жүреді. Қазір инженер-метрологтардың тапшылығы қатты сезілуде. Сол себепті университет базасында «Сандық метрология және үдерістерді автоматтандыру» атты жаңа білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлауды маңызды деп санаймыз. Бұл елімізде де, шет елдерде де сұранысқа ие кадрлар даярлауға мүмкіндік береді, – деді ол.

РМК «ҚазСтандарт» ғылыми-зерттеу жұмыстары және оқыту басқармасының басшысы, Saginov Technical University түлегі Раушан Аймағамбетова студенттер мен оқытушыларға институттың мүмкіндіктерін таныстырды: гранттық бағдарламаларға қатысу, перспективалы ғылыми жобалар және халықаралық әріптестік.

Малик Саулебай университеттің музейін аралап, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Бұл кітапқа алғаш қолтаңба қалдырған – Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту және Қазақстанда халықаралық стандарттарды енгізу ісінде күш біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық университетке тәжірибеге бағытталған оқытуды күшейтуге, ал «ҚазСтандартқа» техникалық реттеу, стандартизация және метрология саласындағы өзекті міндеттерді шешуге жас мамандарды тартуға жол ашады.

[/su_custom_gallery]
Без рубрики