30 маусым күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде түлектерге диплом тапсыру салтанаты мәресіне жетті. Университеттің барлық факультеттері бұл ерекше сәтті түлектер мен олардың жақындарының жадында мәңгілік етіп қалдыруға бар күшін салды.
Сол күндері Қарағандының гүл базарларында сұраныс күрт артқаны байқалды. Ал университеттің мәжіліс залын түлектердің туыстары мен достары сыйлаған гүл шоқтарының әсемдігі мен хош иісі әлі күнге дейін безендіріп тұрғандай әсер қалдырды.
2025 жылы Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-ды 2065 студент тәмамдады. Оның ішінде 1867 түлек бакалавр дәрежесін иеленсе, олардың 106-сы «қызыл дипломмен» үздік бітірді. Сондай-ақ 219 түлекке магистр атағы берілді.
Жақын арада түлектердің көпшілігі еліміз бен облысымыздың түрлі кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек жолын бастайды немесе білімін магистратура мен докторантурада жалғастырады.
Құрметті түлектер! Алдарыңыздан әрдайым ақ жол ашылсын! Армандарыңыз орындалып, өмір жолыңыз жарқын болсын!