STU делегациясы инновациялық дамудың румындық моделімен танысты


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің делегациясы Румынияға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына Басқарма төрағасы – университет ректоры Сауле Сагинтаева, Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев және Коммерцияландыру кеңсесінің басшысы Рустам Бузяков кірді.

Бағдарлама аясындағы негізгі бағыттардың бірі – 20 мыңнан астам студент оқитын Румынияның жетекші инженерлік жоғары оқу орындарының бірі – Клуж-Напока техникалық университетіне (UTCN) сапар болды. Бұл университет елдегі ең белсенді дамып келе жатқан зерттеу және инновациялық орталықтардың қатарына кіреді. Сонымен қатар, Румынияның мемлекеттік жоғары оқу орындары арасында Еуропалық Одақ қорларынан қаржыландыру тарту бойынша үшінші орында тұр. Университет жасанды интеллект, өнеркәсіптік инженерия және робототехника салаларында ағылшын және француз тілдеріндегі білім беру бағдарламаларын белсенді дамытып келеді.

UTCN басшылығымен өткен кездесуде академиялық ұтқырлық, бірлескен зерттеу жобалары және халықаралық гранттарға қатысу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, STU делегациясы университеттің зертханалары, стартаптары және спин-офф компанияларының үлгілерімен танысты.

Сапар барысында делегация Клуж жудеца кеңесінің қолдауымен құрылған TETAROM индустриялық паркіне де барды. Қазіргі уақытта TETAROM жалпы ауданы шамамен 2 миллион м² болатын үш жұмыс істеп тұрған индустриялық паркті басқарады. Бұл парктерде Emerson, Bosch, De’Longhi секілді 130-дан астам компания орналасқан. Инфрақұрылымға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1 миллиард еуродан асады. Парк жалға алушыларға өндірістік және кеңсе кеңістігін, инженерлік коммуникацияларды, бизнес-инкубатор қызметтерін, сондай-ақ заңгерлік, инвестициялық және логистикалық қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ делегация аймақтағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі – Emerson SRL кәсіпорнының өндірістік алаңына барды. Бұл кәсіпорын автоматтандырылған басқару жүйелерін өндіруге маманданған және UTCN университетімен кадрларды даярлау мен студенттердің тағылымдамаларын ұйымдастыру бағытында тығыз әріптестік орнатқан.

Клуж-Напокаға жасалған бұл сапар ғылым, білім беру және өнеркәсіп салаларындағы даму үлгілерін тиімді зерделеуге бағытталған маңызды практикалық қадам болды. Румынияда жүзеге асырылып жатқан «үштік спираль» моделі – университет, индустриялық компаниялар және жергілікті билік арасындағы тұрақты серіктестік тетігі – ерекше қызығушылық туғызды.

TETAPOLIS жобасы аясында іске асырылып жатқан Клуж-Напока техникалық университеті, TETAROM индустриялық паркі және қала мэриясы арасындағы өзара іс-қимыл форматы – технологиялық стартаптарды қолдау, білім трансферін дамыту және түлектерге сұранысқа ие жұмыс орындарын құру жолымен Қарағанды өңірінде де осындай экожүйе қалыптастыру үшін әлеуетті үлгі ретінде қарастырылуда.

Клуж-Напока мен Қарағандының бауырлас қалалар болып саналуы бұл сапарға қосымша мән береді. Бұл жағдай университеттер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және бизнес-қоғамдастық арасында бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу жобалары және кәсіпкерлік бастамалар аясында тұрақты ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктерін ашады.

Без рубрики