2025 жылғы 30 мамырда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Машина жасау саласын дамыту және жаңа формациядағы жоғары білікті кадрларды даярлау: жай-күйі, мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара техника ғылымдарының докторы, профессор Кәрібек Тағайұлы Шеровтің 60 жылдық мерейтойына арналды.
Конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген жетекші ғалымдар, оқытушылар мен жас зерттеушілер қатысты. Бұл шараға әсіресе Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері, оның ішінде негізінен мерейтой иесінің шәкірттері белсенді қатысты. Бұл жайт ғылыми дәстүр сабақтастығы мен К. Шеровтің отандық ғылымға қосқан зор үлесіне деген терең құрметті көрсетті.
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ректорының атынан құттықтау сөз бен марапаттау хатын техника ғылымдарының докторы, профессор Қадыров А.С. оқыды. Өз сөзінде ол профессор Шеровтың ғылыми және педагогикалық еңбегін ерекше атап өтіп, еліміздегі инженерлік білім мен машина жасау ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін жеткізді.
Профессор Кәрібек Шеров 2007–2021 жылдар аралығында біздің университетімізде доцент, профессор және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарып, университеттегі ғылымның дамуына елеулі үлес қосты. Осы кезеңде ол бүгінгі күнге дейін табысты жұмыс істеп келе жатқан ғылыми мектептің негізін қалады. Оның жетекшілігімен 15-тен астам PhD философия докторлары дайындалып, бүгінде ол жас ғалымдар мен инженерлердің жаңа буынын тәрбиелеу ісін жалғастыруда.
Конференция машина жасау мен инженерлік білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, пікір алмасуға және болашақ даму бағыттарын айқындауға арналған маңызды алаңға айналды.