1992 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Бұл күн – Тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми түрде бекітілген күн болып табылады.
▫Аталған мереке жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде флешмобтар мен және басқа да жарқын әрі есте қаларлық іс-шаралармен аталып өтеді. Осындай іс-шаралардың бірі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде де ұйымдастырылды.
▫Бас ғимараттың фойесінде профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің қатысуымен мерекеге арналған флешмоб өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Туы экранда желбіреген сәтте Мемлекеттік Әнұранның салтанатты орындалуымен басталды.
Университеттің басқарма төрағасы – ректор Сәуле Сағынтаеваның және университет басшылығының атынан сөз сөйлеген басқарма мүшесі, әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Абай Қалықов барлық қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – бұл тек тәуелсіз Қазақстанның айырым белгілері ғана емес, – деп атап өтті ол. – Олар – біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің, ұлттық рухымыздың, сондай-ақ жарқын болашаққа деген ұмтылысымыздың көрінісі. Туымыз әрдайым биікте желбіреп, Елтаңбамыз ел бірлігі мен күш-қуатты бейнелеп, ал Әнұранымыз халқымыздың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілікпен шырқала берсін!