Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде тағылымы терең, рухани мазмұны зор әдеби кездесу өтті. Кештің арқауы – қазақ қаламгері Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы болды. Әдеби басқосуға кәсіпкер, меценат, «Natige» фабикасының директоры, «Qasym Kitap» баспасының негізін қалаушы Ерлан Әшім құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ол Мұхтар Мағауиннің шығармашылық мұрасы жайында кеңінен әңгімелеп, жазушымен жеке таныстығы, жүздесулері туралы шынайы естеліктерімен бөлісті. «Qasym Kitap» баспасынан жарыққа шыққан жазушының кітаптарымен таныстырды. Мұхтар Мағауиннен бата алған, өсиетін тыңдаған жан ретінде өзін ең бақытты қазақ санайтынын жеткізді.
Еркін форматта өткен әсерлі кездесуде ол жастармен ашық әрі шынайы сұхбат құрып, мотивациялық рух берер сөздерімен ерекше әсер қалдырды.
«Болашақтың кілті – білім мен руханиятта. Кітап оқымаған адам XXI ғасырда жетістікке жетем деп ойламасын. Әдебиет – ойды тәрбиелесе, ғылым – сол ойды жүзеге асырады» — деп тұжырымдап, жастарға ой салды.
Шарада ҚР Журналистер одағының мүшесі, қаламы қарымды журналист Аңғар Марғозыұлы да сөз алып, Мағауиннің шығармашылығына тоқталды. «Ол – тарихтың терең қатпарларына үңілген, сөздің салмағын, ұлттың жүгін көтерген қаламгер. Бүгінгі жас буын оның еңбектерінен тағылым алуы тиіс,»– деп атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Нұрлан Зейітханұлы «Мұхтар– ұлттық рухтың иесі. Оның әрбір шығармасы – қазақ руханиятының темірқазығы. Біз Мағауин арқылы ұлтымыздың өткенімен, рухымен қайта табысамыз,» – деп тоқталып, жазушының кітаптарын жарыққа шығарып, кітап оқуды насихаттап жүрген Ерлан Әшім мырзаға ризашылығын білдірді.
Тағылымды кездесуді ұйымдастырған Химия және химиялық технологиялар кафедрасы және Жастар саясаты департаменті студенттерге әдебиет әлеміне, ұлттық болмысқа бір қадам жақындатқан әсерлі кеш сыйлаған қонақтарға алғыстарын жеткізді.
Кеш аясында «Qasym kitap» кітап баспасының көрмесі мен «Natige» сүт фабрикасы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Бұл – рухани азық іздеген жастарға таптырмас мүмкіндік болды. Кітап сөрелерінен өзіне керегін тапқан әр оқырман, отандық өнімдердің де сапасымен танысып, өнегелі шарадан рухани серпіліс алды.