Қарағанды техникалық университетінің тұңғыш басшысы, академик Сағыновтың 110-жылдығы қарсаңында биыл арнайы конференция өткізіп, ауқымды дәрежеде атап өтілді. ҚазКСР ҒА және ҚР ҰҒА академигі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, орденді Қарағанды политехникалық институтының ректорына дейінгі үлкен жолдан өткен Әбілқас Сағынов оқу орнын 30 жылдан астам уақыт басқарды.
Инженер кадрларды даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және олардың нәтижелерін өндіріске енгізудегі ерекше еңбегі үшін Әбілқас Сағыновқа 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Өзінің жарты ғасырлық жемісті қызметінің барысында ғылыми-техникалық прогреске, көмір өнеркәсібін дамытуға, ғылыми және инженерлік-техникалық кадрларды даярлау ісіне зор үлес қосқан академик А. С. Сағыновтың қалыптастырған дәстүрлері бүгінгі күнде де университеттің дамуына жол көрсетіп, Тәуелсіз Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орны ретінде қызметімізді жалғастыруға шабыт береді.
Барша ұжымды, қадірлі ардагерлер мен студенттерді осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жеткен жетістіктеріңізде тоқтамай, жаңа заман талаптарына сай қызмет етіп, абыройлы еңбек етулеріңізді тілейміз.