19 наурыз күні ҚарМТУ-дың 1-ші оқу ғимаратының холлында Инновациялық технологиялар колледжі «Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз» мейрамына арналған мерекелік шара өткізді


Іс-шара ҚарМТУ-дың құрметті және еңбек сіңірген қайраткерлері Қызыров Қайролла Бейсембайұлы мен Ынтықов Тоқмырза Смағұлұлы және ҚарМТУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Алпысбаева Назым Аманғазиевна мен ҚарМТУ инновациялық технологиялар колледжінің директоры Смағұлова Нұрбибі Абсадықовналардың құттықтау сөздерімен ашылды. Мерекелік шараға жиналған қонақтар мен студенттер қауымын Наурыз мейрамымен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір және бақ-береке тіледі. Іс-шара барысында кураторлар топ студенттері, ата-аналарымен бірге халқымыздың дәстүрлі ұлттық тағамдары: наурыз көже, қазақша ет, қымыз, айран, жент, ірімшік, бауырсақ секілді ұлттық тағамдарынан әзірленген мол дастарханды барлық келген қонақтарға ұсынды. Іс-шараға №1 балалар музыка мектебінің «Думан сазы» фольклорлық-аспаптық ансамблі шақырылды, олар мерекелік іс-шараның ашылуында «Әуен», «Көроғлы», «Ата Толғауы» шығармаларын орындады. Ансамбль домбырашылары Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін асқан шеберлікпен орындап, қонақтарды таң қалдырды. Сондай-ақ, кішкентай қонақтар «Нұрлы балақай» балабақшасының бүлдіршіндері қазақтың ұлттық биін билеп ерекше ұмытылмас әсерде қалдыры. Осындай көктем мерекесінде қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетінен яғни, әдеп-ғұрып, салт дәстүрлерінің бірі «Тұсау кесер» салтынан қысқаша үзінді көрсетілді. «Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз» мерекесін атап өту ешкімді бей-жай қалдырмады. Себебі, мерекені тойлау барысында ұлттық музыка, әндер, билер, күйлер орындалып ерекше көңіл-күйге бөледі. Инновациялық технологиялар колледжінің бұл мерекелік шараны ұйымдастырып өткізудегі басты міндеті әрбір келген қонаққа күлкі, қуаныш сыйлай отырып, көктем мерекесі «Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз» мейрамын бірге қарсы алу болатын.

 

Без рубрики