27 қыркүйек күні ҚарМТУ-дың кең залында «Белсенді жастар – Қазақстанның қозғаушы күші» атты «Жас Орда» студент жастар ассоциациясының құрылғанына 10 жыл толуына байланысты форум өтті.


«Жас Ордаға»  – 10 жыл!

27 қыркүйек күні ҚарМТУ-дың кең залында «Белсенді жастар – Қазақстанның қозғаушы күші» атты  «Жас Орда»  студент жастар ассоциациясының құрылғанына 10 жыл толуына байланысты форум өтті.  

Іс-шара Жастар жылы аясында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Бәсекеге қабілеттілік» бағытына орай арнайы ұйымдастырылды.

Мақсаты – университеттің табысқа жеткен түлектерінің тәжірибелері арқылы бүгінгі студент жастарға білімнің үстемдігі, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, табысты болу идеяларын насихаттау.

ҚарМТУ-дың «Жас Орда»  студент жастар ассоциациясы 2009 жылдың күзінде университет басшылығы мен белсенді студенттердің бастамасымен барлық ұсақ студенттік ұйымдарды бірегей «Жас Орда» ассоцияциясының, яғни, студенттер кәсіподағы туының астына біріктіру нәтижесінде құрылды.

Іргесі қаланған алғашқы күннен бастап-ақ, «Жас Орда» ЖОО басшылығының қолдауымен жастарды дамытудың интеллектуалдық, әлеуметтік-мәдени, кәсіби, саяси-құқықтық, рухани-адамгершілік  сияқты түрлі салалар  бойынша жұмыс жасап келеді.

«Жас Орда» бүгінге дейін университет қабырғасында алған білімі мен білігін күнделікті өмірде де, кәсіби қызметінде де іскер қолдана алатын бірнеше жастар буынын тәрбиелеп шығарған.  «Жас Орданың» тәлімінен өткен сол кездегі студенттер қазір еліміздің экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып, Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел болуы үшін еңбек етіп келе жатқан білімді басшыларға, мықты мамандарға айналған.

Бүінгі таңда ұйым тек университет студенттері ғана емес,  аймақтық, облыстық жастар ұйымдары мен жастар саясаты бойынша республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдардың арасында жоғары беделге ие болған.

Форумға қатысқан ұжымның белсенді мүшелері мен «Жас Ордадан» қанаттанып шыққан университет түлектері сөз алып, өздерінің өмір жетістіктеріне жету, жұмысқа орналасу, кәсіби тәжірибелерін жетілдіру жолдары жайлы әңгімелеп, тұлға ретінде қалыптасуындағы студенттер ассоциациясының рөлі туралы ойларымен бөлісті.

Жиынға сондай-ақ мемлекеттік, қоғамдық органдардың және кәсіподақтар өкілдері қатысты.  Форум қатысушылары университте ашылған жаңа зертханалар және инновациялық орталықтардың жұмысымен танысып, іс-шараның екінші жартысы ұйым мүшелері ұйымдастырған шеберлік-сынып, тренинг және семинарлармен жалғасын тапты.

 

Без рубрики