ҚарМТУ-да дәстүрлі «Түлек-2018» жәрмеңкесі өтті

2018 жылдың 22 маусымы күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде дәстүрлі «Түлек-2018» жәрмеңкесі аясында студенттер мен жұмыс берушілердің кездесуі өтті.

Бүгінгі таңда оқу орнын жаңа бітірген жастар үшін жұмысқа орналасу, өз қатарларымен бәсекелестікте жақсы жұмысқа орналасу  – басты  проблема.  Ал өз кезегінде отандық компанияларға да жігерлі де жаңа буын жас кадрлардың керектігі жасырын емес. Сондықтан университетіміз жыл сайын өткізетін дәстүрлі «Түлек-2018» жәрмеңкесі  жас мамандар мен жұмыс берушілер арасындағы көпір қызметін атқарып келе жатқандығы рас.

2017-2018 оқу жылында аталмыш жәрмеңке осымен екінші рет өткізіліп отыр.  Өткен жылдың желтоқсан айында бұл шараға Қарағанды,  Астана қалаларынан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Солтүстік- Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан 123 кәсіпорын шақырылған еді. Сонда  жәрмеңкеге қатысқан 1326 түлектің 1160-ы жұмысқа орналасқан болатын.

2018 жылы ҚарМТУ-ды техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша 1300-ден астам білікті бакалавр тәмамдайды. Бұл шараның мақсаты – университет түлектеріне жұмыс орындарын қарастырып, оларды мүмкіндігінше жұмыспен қамту. Жәрмеңке барысында оған қатысушылар өздерін қызықтырған бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, ал жұмыс берушілер үшін жұмысқа тұрудан үміткерлердің іскерлік қырларын жақынырақ тануға, өздеріне жас мамандарды тартуға мүмкіндік туады. Жазғы жәрмеңкеге тағы да өзіне жас маман іздеп жүрген 100-ден астам кәсіпорын қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік, жеке мекемелермен қатар халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялар да бар. Кәсіпорындардың кейбірі жәрмеңкеге өз мамандарының қатарын жаңарту немесе толықтыру мақсатымен келсе, енді біреулері болашағынан үміт күттірген жастарды келешекте жұмысқа тарту үшін қатысады. Олардың қатарында ҚарМТУ-мен көп жылдардан бері әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан  «Караганданеруд» АҚ, АҚ ««ҚазМұнайГаз»Ұлттық компаниясы», «Трансойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясы АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Карагандаэнергоремонт» АҚ, « «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «КазКоммерцБанк» АҚ, «Хлық банк» АҚ, «Пархоменко атындағы ҚМЗ» АҚ, «Жезқазған мыс балқыту зауыты», «КЕGОК» АҚ, «Имсталькон» АҚ, КЛМЗ «Maker» («Мэйкер») ЖШС, «Құрылысмет» ЖШС, «Қарағанды жолдары» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Машзавод №1» ЖШС , «Қарағанды электротехникалық жабдықтар зауыты» ЖАҚ, ДГП «Химико-металлургический институт им. Ж.Абишева», «Қарағанды Промстройпроект» ЖШС , «Қарағанды жолдары» ЖШС , «№3 автобус паркі» АҚ, «ГорКомТранс» ЖШС және басқа да көптеген кәсіпорындар бар.

Шара кезінде соңғы курс студенттері жұмыс берушілермен көзбе-көз сөйлесіп, жедел әңгімелесу сынынан өте алады. Жәрмеңкеге қатысушылар үшін ҚарМТУ-дың 1-ші корпусында кәсіпорындардың материалдарынан бос жұмыс орындарының көрмесі ұйымдастырылады.

Без рубрики