Қарағандыда галлуазитті нанотүтікшелерден тұратын антикоррозиялық жабындарды өндіру орны ашылады

2018 жылдың 14 қыркүйегі күні сағ.: 11.00-де «Пархоменко атындағы Қарағанды  машина жасау зауыты» ЖШС-нде (Амангелді к-сі, 26 үй) галлуазитті нанотүтіктерден тұратын антикоррозиялық  жабындарды өндіру өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Бұл жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асуда. Жобаның жалпы қаржылық құны 170 млн. теңге, аталған соманың 150 млн. теңгесі «Ғылым қоры» АҚ тарапынан бөлінген, ал қалған 20 млн. теңгені «Пархоменко атындағы Қарағанды  машина жасау зауыты» ЖШС есебінен қаржыландырып отыр. Жүзеге асырылу мерзімі – 3 жыл.

Жобаға профессор, т.ғ.д А.З. Исағұлов бастаған Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары жасап шығарған  антикоррозиялық  жабындарды өндірудің жаңа технологиясы негіз болған.  Металл өнімдерді тот басудан, шіруден сақтайтын  бұл бояудың құрамында Қазақстанның кен орындарында шығатын саз балшықты топқа жататын галлуазит бар.

Ғылыми ортада белгілі болған кезден бастап, галлуазит тұрмысқа қажетті түрлі ыдыстар жасауға пайдаланылған. Өткен ғасырдың 1950 жылдарында галлуазитті зерттей келе, ғалымдар оның бөлшектерінен түтікшелерді байқаған. Тек 1990 жылы ғана білім адамдары галлуазиттің диаметрі 40-200 нанометр болатын нанотүтікшелерден тұратынын анықтады. Бұл нанотүтікшелердің алюминий, оттегі, кремний және сутегіден құралғандықтан,  металл бұйымдардың қоршаған ортаның түрлі әсерінен тоттануын азайтып, антикоррозиялық қасиетін бірнеше есе арттыратындығы ортаға шыққан. Еліміздің топырағының құрамында көптеп  кездесетін саз балшықтың осы бір ерекшелігі зерттеушілерді оның антикоррозиялық қасиетін пайдалану технологиясын әзірлеп, зертханалық жағдайда жетілдіруге итермеледі.

Осылайша университет ғалымдарының галлуазит жайлы зерттеулері мақала ретінде 20-дан астам халықаралық ғылыми журналдарда жарияланып, 12 қазақстандық және еуропалық патенттерді иеленген. Бүгінгі таңда Пархоменко атындағы Қарағанды  машина жасау зауытында ашылғалы отырған өндірістік желі ғылыми ізденістің тәжірибеге енгізілуінің алғашқы қадамы болып отыр.

Өндірушілер құрамында «фуллерендер» сияқты жасанды нанотүтіктер бар өзге жабындарға қарағанда, отандық галлуазиттік нанотүтіктер әрі арзан, әрі қолжетімді материал екендігін айтуда. Сондай-ақ аталған жабын өзге  материалдармен салыстырғанда, металл бұйымдардың қолданылу мерзімін 20-30 пайызға ұзарпақ.

Қазірдің өзінде өнімге сұраныс берушілер қатарында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Имсталькон» АҚ, «АрселорМитталТеміртау» АҚ сияқты компаниялар, сонымен қатар машина жасау, құрылыс, энергетика, металлургия салаларында жұмыс жасайтын кәсіпорындар, әскери-өндірістік кешендер және металл бұйымдар қолданатын тұтынушылар бар.

 

Без рубрики